Желтоқсан құрбаны Ербол Сыпатаевтың суреті тірі адамға тиесілі

Коллаж: nofake.kz/
Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ербол Мұқажанұлы Сыпатаевтың суреті марқұммен аттас, тіпті тағдырлас Ербол Қырқымбайұлы Сыпатаевқа тиесілі. Жылда желтоқсанда ақпараттық сайттар Ербол Сыпатаевты еске алып, фотосын жариялайды, материал әріқарай әлеуметтік желіде тарайды. Шындығында ол суреттегі — Шымкентте тұратын 61 жастағы Ербол Қырықбайұлы. nofake.kz/ фотодағы адамға хабарласып, өзімен сөйлесті.
Сонымен, желтоқсан оқиғасына қатысқан екі Ербол Сыпатаев бар. Олардың аты-жөні ғана емес, туған жылы да бірдей, яғни 1964 жылы дүниеге келген. Ербол Мұқажанұлы Сыпатаев 1986 жылы ауруханада қайтыс болған. Ол Энергетика және байланыс институтының студенті еді.
Ал Ербол Қырқымбайұлы Сыпатаев өмірде бар, қазір Шымкентте тұрады. Журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылар жылда марқұм Сыпатаевты еске аламыз деп, көзі тірі Ербол Қырқымбайұлының жас кездегі фотосын жариялайды.

«Екі-үш жыл бұрын тоқтаған еді, енді қайта басталыпты. Тағы да менің суретімді пайдаланып жүр. Мен бұл суретке Мәскеуден келген кезімде курстастарыммен барып, Алматыдағы «Әсем» фотостудиясында түскен едім», — дейді Ербол Қырқымбайұлы.
Ербол Қырқымбайұлы Сыпатаевтың айтуынша, ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Сол күндері бас және иығынан жарақат алып, үш күн медициналық қызметкердің үйінде жатып емделген.

Тірі әкесінің фотосына қатысты Ербол Қырқымбайұлы Сыпатаевтың қызы Гаухар Сыпатаева да наразылығын жазды.
«Әр түрлі парақшалардың әкімшілеріне арналады, дұрыс емес ақпарат таратпауларыңызды сұраймын. Желтоқсан құрбандары қатарындағы Ербол Спатаев деген батыр кісінің орнына менің әкемнің суретін қолдануды тоқтатыңыздар. Жыл сайын осы жағдай әлеуметтік желілерде қайталана берген соң жазып отырмын. Тіріні өліге шығарғандай болады. Маған оны көрген ауыр болып тұр. Олар екі түрлі адам, фамилия және аты бойынша бірдей, тіпті туған жылдары да бірдей 1964ж. Екеуі де алаңға шыққан. Сондықтан болар, шатасу туындап жүр. Аллаға шүкір, менің әкем тірі қалған. Бас жарақатын алып, жақын маңайдағы үйлердің тұрғындары үйіне сүйреп әкеліп, құтқарып қалған» — деді ол.
Мамандардың айтуынша, дереккөзді тексермегендіктен, визуалды фейк, дипфейк тарайды. Әсіресе, тарихи тұлғаларға қатысты фейкті тірі жанмен байланыстырса, ақпарат таратушы адамға моральдық зиян келтіріп, жұртты шатастыруы мүмкін.


