Дауыс детекторы: Отандық сот сарапшылар дипфейкті қалай анықтайды

Коллаж: NoFake.kz
Елімізде цифрлық технологиялардың дамуымен қатар киберқылмыстың, оның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалатын алаяқтық пен дипфейк саны артып келеді. Осыған байланысты қазақстандық сот сарапшылары аудиожазбаларды зерттеудің жаңа әдістерін енгізіп жатыр.
NoFake.kz тілшісі Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институты мамандарының жұмысымен танысып қайтты. Жыл басынан бері елордалық сарапшылар 60-тан астам күрделі аудиожазбаға сот-фонографиялық зерттеу жүргізген.
Мамандардың айтуынша, қазір алаяқтар мемлекет басшыларының, журналистердің, банк өкілдерінің немесе азаматтардың туыстарының дауысын ЖИ арқылы синтездеп, жалған инвестициялық жобаларды жарнамалауға және ақша бопсалауға жиі пайдаланатын болған.
«Технология күн сайын, тіпті ай сайын өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз де бір орында тұрған жоқпыз. Сарапшылар ЖИ-дің “қолтаңбасын” тануды үздіксіз меңгеріп, әдістемелерді жаңартып отырады», — дейді Айнагүл Бекмағамбетова.
Бұрын сарапшылар аудиожазбаның монтаждалған-монтаждалмағанын ғана тексерсе, қазір жасанды интеллектінің «цифрлық қолтаңбасын» анықтауға басымдық беріледі. Мұндай сараптаманы екі бағыттағы маман — лингвист пен дыбыстың физикалық параметрлерін зерттейтін спектр маманы бірлесіп жүргізеді.
Сараптама барысында елімізде 30 жылға жуық қолданылып келе жатқан «ИКАР Лаб» кешенінің жаңартылған нұсқасы — «ИКАР Лаб-3» бағдарламалық-аппараттық жүйесі пайдаланылады. Бұл кешен адамның ауыз қуысы, мұрын және көмей сияқты дыбыс жолдарының биологиялық резонаторлық ерекшеліктерін 3D форматта талдап, екі дауыстың сәйкестігін математикалық дәлдікпен салыстырады.
Сарапшылардың сөзінше, тірі адамның дауысында сөйлеу мәнері, диалект, тыныс алу жиілігі, кідірістер мен паразит сөздер байқалады. Ал ЖИ арқылы жасалған дыбыста табиғи тыныс алу белгілері, эмоциялық ырғақ пен сөйлеудегі ұсақ ерекшеліктер жетіспеуі мүмкін.
Нақты қорытынды жасау үшін күдіктінің дауыс үлгісі міндетті түрде алынады. Кейін екі аудиожазбадағы бірдей сөздер мен дыбыстар («алло», «ақша» және т.б.) қатар қойылып, салыстырмалы талдау жүргізіледі.
Аудио-дипфейктердің сот істерінде қолданылуы әлемде 2019 жылдан бастап тіркеле бастады. Соның бірі — Ұлыбританиядағы энергетикалық компания директорының ЖИ арқылы жасалған дауысқа сеніп, 243 мың доллар аударып жіберуі. Сондай-ақ шетелдік сот тәжірибесінде ажырасу процестерінде қолданылған жалған аудиожазбалар да кездескен.
Мамандардың пікірінше, мұндай технологиялардың Қазақстанда да көбею қаупі жоғары. Сондықтан жаңа сараптама әдістері жемқорлық, бопсалау немесе алаяқтық істерінде «бұл менің дауысым емес, ЖИ жасаған» деген уәждерді мұқият тексеруге мүмкіндік береді.


