NoFake

Алаяқтардың психологиялық айласы қалай жұмыс істейді

Фото: depositphotos

Қазақстанда азаматтарды алдап, ақшасын иемденуге бағытталған әлеуметтік инженерияға негізделген алаяқтық схемалары көбейіп келеді. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Ведомствоның мәліметінше, көпшілік алаяқтар банк жүйесін бұзып немесе телефонға вирус енгізу арқылы ақша ұрлайды деп ойлайды. Алайда іс жүзінде қаскүнемдер көбіне психологиялық қысым жасап, адамның өзіне ақша аудартуға немесе құпия ақпаратын бергізуге тырысады.

Әлеуметтік инженерия – адамдардың сенімін, қорқынышын, аңғалдығын немесе тез пайда табуға деген ниетін пайдалану арқылы олардың ақшасы мен жеке деректеріне қол жеткізу әдісі. Бұл тәсілде күрделі техникалық шабуылдардың қажеті жоқ, өйткені қажетті мәліметті жәбірленушінің өзі айтып қояды.

Алаяқтар көбіне бірнеше психологиялық әдісті қолданады:

Қорқытады. Шотыңыз бұзылғанын, атыңызға несие рәсімделгенін немесе жақыныңыздың қиын жағдайға тап болғанын айтады.

Асықтырады. «Дәл қазір әрекет етпесеңіз, ақшаңыз жоғалады» деп қысым көрсетеді.

Сенімге кіреді. Өздерін банк қызметкері, полиция немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырады.

Жоғары табыс уәде етеді. Тиімді инвестиция, жылдам табыс немесе ерекше қаржылық мүмкіндік ұсынып, ақша салуға көндіреді.

Агенттік бүгінде ең жиі кездесетін алаяқтық тәсілдерге жалған банк қызметкерлерінің қоңырауы, инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттеу, туыстарының атынан шұғыл ақша сұрау, сондай-ақ жасанды интеллект пен дипфейк технологиялары арқылы дауыс пен бейнені қолдан жасау кіретінін атап өтті.

Өзіңізді қалай қорғауға болады?

  • SMS арқылы келген растау кодтарын, құпиясөздер мен банк картасының деректерін ешкімге бермеңіз;
  • бейтаныс адамның нұсқауымен ақша аудармаңыз;
  • күмәнді ақпаратты міндетті түрде ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз;
  • қаржылық шешімді асығыс немесе қысыммен қабылдамаңыз;
  • туысыңыз не танысыңыз ақша сұраса, алдымен оған тікелей хабарласып, ақпараттың рас екеніне көз жеткізіңіз.

Агенттік қазіргі таңда алаяқтардың басты нысанасы компьютер емес, адамның өзі екенін еске салды. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау, кез келген ақпаратқа сын көзбен қарау және сақтық таныту қаржылық алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы болып қала береді.

Оқу үшін