TikTok әлем бойынша жалған аккаунттар мен пікірлерге қарсы қалай күресіп жатыр
Фото: magnific.com
TikTok 2026 жылдың екінші тоқсанында әлем бойынша 352 миллионнан астам жалған аккаунттың ашылуына жол бермеген. Сондай-ақ миллиардтаған жасанды лайк пен жазылушыны және миллиондаған жалған пікірді жойған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұл туралы платформаның Қауымдастық ережелерінің сақталуы жөніндегі жаңа есебінде айтылған.
Есепке сәйкес, сәуір–маусым айларында TikTok әлем бойынша 6,2 миллиардтан астам жасанды лайкты, 2,7 миллиард жалған жазылушыны және жалған аккаунттар арқылы жарияланған 190 миллион пікірді жойған.
«TikTok жалған белсенділікті жасанды арттыру және жалған аккаунттармен күрес жұмыстарын да күшейтуде. 2026 жылдың екінші тоқсанында платформа дүние жүзі бойынша 352 миллионнан астам жалған аккаунттың ашылуына жол бермеді», – делінген компанияның ақпаратында.
Сонымен қатар платформа жазылушылар санын жасанды түрде көбейтуге бағытталған 7,5 миллиардтан астам әрекеттің алдын алған. Компания мұндай заңбұзушылықтарды анықтау үшін автоматтандырылған жүйелер мен жасанды интеллект технологияларын жетілдіріп жатқанын хабарлады.
Қазақстанда 1,37 миллионнан астам видео жойылған
Есепте Қазақстанға қатысты көрсеткіштер де жарияланды. 2026 жылдың сәуір–маусым айларында елімізде Қауымдастық ережелерін бұзған 1,37 миллионнан астам бейнеролик өшірілген.
Олардың 99,6%-ы пайдаланушылар шағым түсірмей тұрып анықталған. Ал 92,1%-ы жарияланғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде жойылған. Әлем бойынша осы кезеңде ереже бұзған 188 миллионнан астам бейнеролик өшірілген.
«2026 жылдың екінші тоқсанында дүние жүзі бойынша барлық жойылған бейнероликтердің 97,4%-ы жасанды интеллект технологияларын қоса алғанда, автоматтандырылған жүйелердің көмегімен жойылды», – деп хабарлады TikTok.
Платформа мәліметінше, автоматтандырылған модерациямен қатар күрделі және даулы жағдайларды қауіпсіздік мамандары да тексереді. TikTok жалған аккаунттарды, жасанды пікірлер мен белсенділікті анықтауға бағытталған технологияларын жетілдіруді жалғастыратынын мәлімдеді. Мұндай шаралар әлеуметтік желідегі танымалдылық көрсеткіштерін қолдан көбейтуге жол бермеуге бағытталған.


