Әйнек жуғыш сұйықтықтың құрамында улы зат болуы мүмкін: Комитет ескертеді

Фото: magnific.com
Автокөлік әйнегін жууға арналған сұйықтықтардың құрамында денсаулыққа қауіпті метанол болуы мүмкін. Бұл зат жүйке жүйесі мен көру қабілетіне кері әсер етіп, адам улануы да мүмкін. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүргізушілерге әйнек жуғыш сұйықтықтарды таңдағанда сақ болуды ескертті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Комитеттің 6 қарашада жариялаған ресми хабарламасына сәйкес, кейбір өндірушілер әйнек жуғыш сұйықтықтардың құрамына метил спиртін (метанол) қосуы мүмкін. Оның буы көліктің желдету жүйесі арқылы салонға еніп, жүргізуші мен жолаушылардың денсаулығына қауіп төндіреді.
«Жосықсыз өндірушілер әйнек жуғыш сұйықтықтардың құрамында жүйке жүйесі мен көру органдарына уытты әсер ететін күшті улы зат — метил спиртін (метанолды) пайдалануы мүмкін. Сұйықтықты пайдалану кезінде метанол булары автокөліктің желдету жүйесі арқылы салонға енуі мүмкін. Оларды тыныс алу бас ауруын, бас айналуды, жүрек айнуын, көру қабілетінің бұзылуын, ал жоғары концентрацияда ауыр улануды тудыруы ықтимал», – делінген комитеттің ресми хабарламасында.
Әйнек жуғыш сұйықтықтың қауіпсіздігін қалай тексеруге болады?
Қазақстанда мұндай өнімдерге қойылатын талаптар Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы №299 шешімімен бекітілген. Құжатта санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар көрсетілген.
Комитет мәліметінше, ең алдымен өнімнің қаптамасындағы ақпаратты тексеру қажет.
«Өнімнің қаптамасында мемлекеттік және орыс тілдерінде таңбалануы тиіс. Онда өнімнің атауы, өндіруші туралы мәліметтер, өндірілген күні, сақтау мерзімі мен шарттары, мақсаты және партия нөмірі көрсетілуі қажет. Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжат — мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (МТК). Оның бар-жоғын ЕАЭО мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің бірыңғай тізілімінен тексеруге болады», – деп түсіндірді ведомство.
Қандай сұйықтықтарды сатып алмаған дұрыс?
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүргізушілерге шығу тегі белгісіз, тиісті таңбалануы немесе қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ өнімдерден сақ болуға кеңес береді.
«Комитет тұтынушыларға әйнек жуғыш сұйықтықтарды тек белгіленген сауда орындарынан сатып алуды, өнімнің таңбалануына және қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуына назар аударуды ұсынады. Мұндай құжаттары жоқ сауда орындарынан өнім сатып алудан бас тартқан жөн», – делінген ресми хабарламада.
Демек, әйнек жуғыш сұйықтықты таңдағанда оның бағасы мен қаптамасына ғана сүйенуге болмайды. Өнімнің өндірушісі, таңбалануы және мемлекеттік тіркеу куәлігі туралы мәліметтерді тексерген жөн. Әсіресе қыс мезгілінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін сұйықтықтарды пайдалану жүргізуші мен жолаушылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

