NoFake

«7-20-25» ипотекасын рәсімдеуге делдал қажет емес – Қазақстанның орнықтылық қоры

«7-20-25» ипотекасын рәсімдеуге делдал қажет емес – Қазақстанның орнықтылық қоры

Фото: kfu.kz

Әлеуметтік желілерде «7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотека рәсімдеуге көмектесетін делдалдардың қызметі ұсынылады. Алайда азаматтар өтінімді өз бетінше және тегін бере алады. Бұл туралы Қазақстанның орнықтылық қоры ескертті, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қордың мәліметінше, ипотекалық брокерлерге немесе кеңесшілерге жүгінудің қажеті жоқ. Бағдарламаға қатысушы банктердің басым бөлігі өтінімдерді онлайн қабылдайды.

«Азаматтардың кезекке тұру, өтінімді қарауды жеделдету немесе банктердің қаржыландыру лимиттеріне қол жеткізу үшін үшінші тұлғалардың қызметіне ақы төлеуіне ешқандай қажеттілік жоқ. Мұндай ұсыныстар ипотеканы рәсімдеу кезінде қандай да бір артықшылық бермейді», – деп мәлімдеді Қазақстанның орнықтылық қоры.

Қор мамандарының түсіндіруінше, өтінімдерді қабылдау және қарау процестерінің автоматтандырылуы үшінші тұлғалардың араласу мүмкіндігін шектейді.

Делдалдар ипотеканың мақұлдануына кепілдік бере алмайды

Ипотекалық несие беру туралы шешімді тек банк қабылдайды. Бұл ретте өтініш берушінің бағдарлама талаптарына сәйкестігі, табысы, төлем қабілеттілігі және банктің ішкі несиелеу тәртібі ескеріледі.

«Ешбір делдал ипотекалық несиенің міндетті түрде мақұлданатынына кепілдік бере алмайды», – делінген қор хабарламасында.

Еске салайық, «7-20-25» бағдарламасының негізгі шарттары бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме – 7%, бастапқы жарна – баспана құнының кемінде 20%-ы, ал несие мерзімі 25 жылға дейін белгіленген. Ипотекалық несие беру және оған қызмет көрсету үшін комиссия алынбайды.

Қазақстанның орнықтылық қоры азаматтарға бағдарлама шарттарын алдын ала зерттеп, пайдалануға берілген тұрғын үйлер арасынан баспана таңдауды және қатысушы банктерге тікелей жүгінуді ұсынады.

Өтінім беру тәртібі туралы ақпаратты тек банктердің ресми сайттары мен қызмет көрсету арналары арқылы тексерген жөн. Делдалдарға қосымша ақы төлеу ипотеканы мақұлдату мүмкіндігін арттырмайды.

Оқу үшін