NoFake

Юрий Пяның атынан паразиттерге қарсы дәрі жарнамалаған дипфейк тарады

Юрий Пяның атынан паразиттерге қарсы дәрі жарнамалаған дипфейк тарады

Коллаж: NoFake.kz

Әлеуметтік желіде танымал кардиохирург, профессор Юрий Пяның атынан паразиттерден емдейтін белгісіз препаратты жарнамалаған жалған видео тарады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Жарнамадағы видеолардың түпнұсқасы қайдан алынған?

Анықтағанымыздай, алаяқтар Юрий Пяның бейнесін журналист Майя Бекбаева түсірген деректі фильмге берген сұхбатынан алған. Түпнұсқа видеода кардиохирург 90-жылдардағы дағдарыс жайлы айтады. Алайда жалған роликте оның сөзі жасанды интеллект арқылы өзгертіліп, дәрігер белгісіз өнімді ұсынып отыр.

Скрин әлеуметтік желідегі видеодан

Сонымен қатар алаяқтар бастапқы видеодағы «Хабар» телеарнасының логотипін КТК арнасының логотипіне ауыстырған. Сұхбатты КТК телеарнасының журналисі жүргізіп отырғандай көрсету үшін диктор Камила Жүсіпованың бейнесі пайдаланылған.

Скрин әлеуметтік желідегі видеодан

Жалған роликте тарихшы Сұлтан Әкімбековтің де дипфейкін көруге болады. Ол белгісіз препаратты қолданып, паразиттерден толық арылғанын айтып, дәрігерге алғыс білдіріп отырғандай көрсетілген. Бірақ түпнұсқа видеода тарихшы отандық бұқаралық ақпарат құралдарының біріне Қазақ хандығының тарихы туралы сұхбат беріп отыр.

Скрин әлеуметтік желідегі видеодан

Жарнамада дәріні ішіп, денсаулығы жақсарғанын айтатын тағы бір әйелдің видеосы бар. Өзге кейіпкерлердің сөздері мен бейнелері басқа контексте пайдаланылғанын ескере келе, редакция видеодағы бұл әйелдің де бастапқы сұхбаты жарнамадағы мазмұнға қатысы болмауы мүмкін деп топшылайды. Дегенмен оның түпнұсқа видеосы әзірге анықталған жоқ.

Жүрек орталығы дәрігердің жарнамаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді

Юрий Пя басқаратын Жүрек орталығының баспасөз қызметіне хабарластық. Медициналық мекеме тараған видеоның жалған екенін растады.

«Әлеуметтік желіде Юрий Пяның қатысуымен жасалған дипфейк жарнама таралып жатыр. Онда Майя Бекбаева түсірген фильм үшін бұрын жазылған Юрий Пяның сұхбатынан үзінділер пайдаланылған. Түпнұсқа сұхбаттың фрагменттері жасанды интеллект көмегімен өзгертіліп, Юрий Пя жарнамаланып жатқан өнімді ұсынып отырғандай жалған сөздер қосылған. Бұл шындыққа жанаспайды. Юрий Пя мұндай мәлімдеме жасаған жоқ және осы жарнаманың түсіріліміне қатысқан емес. Осындай роликтерге сенбеуге және тек UMC ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз», – делінген орталықтың редакциямызға жіберген хабарламасында.

Алаяқтар көрерменді қалай сендіруге тырысқан?

Жалған роликтің мазмұнына қарағанда, оның авторлары көрерменді бірден сатып алуға итермелейтін бірнеше тәсілді қатар қолданған. Алдымен өнімнің Денсаулық сақтау министрлігінің субсидиясы есебінен жүз пайыздық жеңілдікпен ұсынылатыны айтылады. Яғни препаратты тегін алуға мүмкіндік бар деген түсінік қалыптастырады. Алайда бұл мәлімдемені растайтын ешқандай ресми құжат көрсетілмейді.

«Министрліктің субсидияларының арқасында бірегей өнім жүз пайыздық жеңілдікпен ұсынылады. Яғни ауырсынусыз, толыққанды өмір сүру үшін тек өнімнің бір қаптамасын алу жеткілікті.Алдын ала ақша төлеудің қажеті жоқ. Алдымен менің көмекшім сізге бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, өнімнің түпнұсқа екеніне көз жеткізуіңіз үшін оны жеткізіп береді. Өнімді алу үшін эфир аяқталған соң арнайы форманы толтырып, аты-жөніңіз бен телефон нөміріңізді қалдырсаңыз жеткілікті. Көмекшім сізге хабарласып, барлық ақпаратты түсіндіреді», — дейді дәрігердің дипфейкі.

Алаяқтар препараттың әсерін де асыра сипаттайды. Жарнамада толық емдеу курсынан кейін адам паразиттерден жүз пайыз арылып, ауырсыну мен күйзелістен құтылады, өзін сергек әрі бақытты сезінеді деп уәде етіледі. Тіпті кейіпкерлердің бірі небәрі 17 сағатта ағзасындағы барлық паразиттен арылғанын, енді олардың қайтып келмегенін айтады. Тағы біреуі препаратты бір күн қабылдағаннан кейін-ақ толық сауығып кеткенін жеткізеді. Мұндай пікірлер көрерменге өнімнің тиімділігі дәлелденгендей әсер қалдыруы мүмкін. Алайда жарнамада емнің нәтижесін растайтын медициналық зерттеулер, клиникалық сынақтар немесе нақты дәлелдер ұсынылмайды.

Бұдан бөлек, ролик авторлары уақыт тапшылығын қолдан жасаған.

Скрин жалған жарнамадан

Олардың айтуынша, сұраныстың көптігі мен өндірістің шектеулі болуына байланысты қоймада небәрі 450 қаптама қалған. Келесі партия екі айдан кейін ғана жеткізіледі. Ал жүз пайыздық жеңілдіктің сақталатынына кепілдік жоқ. Сондықтан көрерменге өтінім қалдыру үшін шамамен он минут қана берілетіні ескертіледі.

Жарнама соңында өнімді сатып алу үшін аты-жөні мен телефон нөмірін қалдыруға тағы да шақырады. Қазақстанның барлық өңіріне жеткізу бар екені және алдын ала төлем талап етілмейтіні қайталанады.

Айта кетейік, бұған дейін біз TikTok-та диктор Светлана Булатова мен «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Абай Байгенжиннің бейнесі пайдаланылған күмәнді жарнама жайлы жаздық.

Оқу үшін