Дипфейк-жарнама: Светлана Булатова мен Абай Байгенжиннің бейнесін пайдаланған

Коллаж: NoFake.kz
TikTok-та диктор Светлана Булатова мен «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Абай Байгенжиннің бейнесі пайдаланылған күмәнді жарнама тарады, деп хабарлайды NoFake.kz.
TikTok әлеуметтік желісінде танымал диктор Светлана Булатованың қатысуымен түсірілгендей көрінетін, жаңалықтар сюжетіне ұқсас видео тарады. Роликте паразиттерден арылудың оңай жолы ұсынылып, көрермендерге үй жағдайында қолдануға болатын әдіс туралы айтылады. Аз уақыттың ішінде ролик 7 мыңнан астам қаралым жинаған. Алайда видеоны талдау оның шынайылығына күмән келтіретін белгілерді анықтады.

Ұзақтығы бес минут болатын видео TikTok-тағы kolsirio лақап атымен тіркелген аккаунтта жарияланған. Аккаунтта басқа жазбалар болмады. Дегенмен, оған 1 908 қолданушы жазылған, ал видеоларға қойылған лайктардың жалпы саны 8 644-ке жеткен. Жарнама журналистің жаңалық жүргізушісі ретінде сөйлеген үзіндісінен басталады. Одан кейін өзін 82 жастағы Марьям деп таныстырған зейнеткердің видеосы көрсетіледі. Видеоны мұқият қарағанда кадрлар секіріп тұр және адамдардың бас қимылы жасанды екенін байқауға болады.

Әйел денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болғанын, түрлі ем қабылдағанымен, жағдайы жақсармағанын айтады. Оның сөзінше, әлеуметтік желіден дәрігер туралы ақпаратты көріп, ұсынылған әдісті қолданғаннан кейін өзін жақсы сезіне бастапты-мыс. Google суреттер қызметі арқылы кері іздеп, жарнамадағы әйелдің басқа фотосын таба алмадық.
Бұдан соң жарнамалық роликте белгілі дәрігер Абай Байгенжиннің бейнесі көрсетіледі. Оның да қимылы жасанды.

Видеода дәрігер әлсіздік, артық салмақ, іштің кебуі, жағымсыз иіс және терідегі папилломаларды паразиттердің белгілері ретінде сипаттайды. Сондай-ақ Helmetrix humanis деген паразит түрі туралы айтып, одан үй жағдайында арылуға мүмкіндік бар екенін мәлімдейді.
Роликтің соңында көрермендерге сілтемені басып, арнайы видеоны көру ұсынылады. Біз бұл видеороликке дәрігердің қатысы бар-жоғын анықтау үшін Абай Байгенжин басқаратын «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ хабарластық.
«Ресми түрде мәлімдейміз: Абай Қабатайұлы Байгенжиннің мұндай жарнамалық материалдарға қатысы жоқ. Оның атынан осы видеоларда тарап жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — деп хабарлады «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ баспасөз қызметі редакциямызға берген жауабында.
Сондай-ақ, тележүргізуші Светлана Булатоваға да хат жазып, күмәнді роликке қатысы бары-жоғын сұрадық. Әзірге ол жауап берген жоқ. Тележүргізушінің әлеуметтік желідегі парақшасына шолу жасап, мұндай жарнаманы таппадық.
Журланистің дауысының 96%-на ЖИ қолданылған
NoFake.kz редакциясы видеоны талдау кезінде бірнеше күмәнді белгіге назар аударды.
Алдымен роликтің жаңалықтар жүргізушісі сөйлейтін бөлігінде дауысқа қатысты өзгеріс байқалады. Редакция қолданған Hive анықтау құралының нәтижесінде диктордың дауысына қатысты көрсеткіш 96% болды. Яғни, видеодағы дауыс жасанды түрде өзгертілуі мүмкін деген сөз.
Сонымен қатар, зейнеткердің қатысуымен түсірілген үзіндіде де, дәрігер Байгенжиннің видеосында да кадрлар секіріп, оқыс қимылдар байқалады. Мұндай өзгерістер әртүрлі видеоларды біріктіргенде пайда болуы мүмкін.

NoFake.kz жарнама роликтен скриншот жасап, суреттің жасанды интеллект арқылы жасалғанын анықтауға арналған UndetectableAI құралғысымен де талдады. Сервис видеода 61 % ЖИ қолданылғанын көрсетті.

Медициналық мәлімдемелердің дереккөзі көрсетілмеген
Видеода паразиттерден небәрі 30 секундта арылуға болатыны, ал ұсынылған әдісті Қазақстан бойынша 370 мыңнан астам адам қолданғаны айтылады. Сондай-ақ Helmetrix humanis паразитінің 2025 жылы анықталғаны туралы мәлімдеме жасалады. Алайда роликте бұл ақпараттарды растайтын ғылыми зерттеулерге немесе ресми дереккөздерге сілтеме берілмеген. Сондықтан аталған тұжырымдарды дәлелденген медициналық ақпарат ретінде қабылдауға негіз жоқ.
Бұған дейін біз әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қазақстандық белгілі кардиохирург, «University Medical Center» (UMC) корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Юрий Пяның дипфейк видеосы тарағанын жаздық.


