NoFake

Ұлттық банк алаяқтық сайттар мен күмәнді сілтемелерді тексеретін жаңа сервисті іске қосты

Фото: NoFake.kz

Қазақстанда интернет алаяқтарынан қорғануға көмектесетін antifraud.kz сайты іске қосылды. Жаңа платформа арқылы азаматтар күмәнді сайттар мен сілтемелерді, инвестициялық компанияларды тексеріп, алаяқтыққа тап болған жағдайда қайда жүгіну керегін біле алады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ұлттық Банктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, сайтты Ұлттық антифрод-орталық іске қосқан. Платформа қаржы алаяқтығының кең таралған түрлері, олардан қорғану жолдары және күмәнді операциялар кезінде әрекет ету тәртібі туралы ақпаратты бір жерге жинақтайды.

Күмәнді сайттар мен сілтемелерді қалай тексеруге болады?

Ұлттық Банктің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті директорының орынбасары Әсем Мадиярованың айтуынша, antifraud.kz сайты үш негізгі бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімде алаяқтардың кең таралған схемалары мен олардан сақтану жолдары түсіндіріледі. «Ескерту» айдарында жаңадан пайда болған алаяқтық тәсілдер туралы хабарламалар жарияланады.

«Мәселен, емхананың қабылдауына жазамыз деген сылтаумен SMS-код сұрайтын немесе өзін тергеу органдарының қызметкері ретінде таныстырып, инвестицияға салған ақшаны қайтарып береміз деген уәделер сияқты жағдайлар ескертіледі», – делінген Ұлттық Банк таратқан ақпаратта.

Екінші бөлімде сайттар мен сервистердің сенімділігін тексеруге арналған анықтамалық орналастырылған. Оның көмегімен күмәнді сілтемені, интернет ресурсты немесе инвестициялық компанияны бірнеше минут ішінде тексеруге болады. Сондай-ақ платформада «Фродди» атты жасанды интеллект көмекшісі жұмыс істейді. Ол алаяқтықтан қорғану және Антифрод-орталықтың қызметі туралы сұрақтарға жауап береді. Үшінші бөлім алаяқтыққа тап болған азаматтарға арналған. Мұнда банкке, полицияға немесе 116 бірыңғай байланыс орталығына қандай жағдайда хабарласу керегі түсіндіріледі.

Банк шоты бұғатталса, не істеу керек?

Ұлттық Банктің түсіндіруінше, Антифрод-орталықтың дерекқорына азаматтар мен ұйымдар туралы мәлімет банктер мен полициядан түскен ақпарат негізінде автоматты түрде енгізіледі.

Алайда Ұлттық Банк те, Антифрод-орталық та азаматтардың банк шоттарын бұғаттау немесе қайта ашу туралы шешім қабылдамайды. Дерекқордан алып тастау мәселесін құқық қорғау органдары шешеді.

«Шоты бұғатталған азамат antifraud.kz сайтындағы «Фродди» ЖИ көмекшіге жүгіне алады. Ол Антифрод-орталықтың дерекқорын тексеріп, пайдаланушы туралы мәліметтерді қарайды. Осы ақпарат негізінде шотты ашу мәселесі бойынша қай мекемеге жүгіну керек екенін түсіндіреді», – деп хабарлады Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.

Антифрод-орталыққа 270 ұйым қосылған

Ұлттық антифрод-орталықтың жұмыс істей бастағанына екі жылдан асты. Ол банктердің, байланыс операторларының және құқық қорғау органдарының алаяқтық әрекеттер туралы жедел ақпарат алмасуына мүмкіндік береді.

Қазір орталыққа 270 ұйым мен мекеме қосылған. Жүйеде тіркелген оқиғалар саны 200 мыңнан асқан. Ұлттық Банктің мәліметінше, алдағы уақытта хабарландыру сайттары, маркетплейстер мен криптопровайдерлер де жүйеге қосылады. Сонымен қатар алаяқтық белгілерін ерте анықтау үшін жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатыр.

Оқу үшін