Парижде Эйфель мұнарасы өртеніп, қирады — фейк

Cкриншот: әлеуметтік желі
Әлеуметтік желіде 2026 жылғы қазанда Парижде болған студенттер көтерілісі салдарынан Эйфель мұнарасының қирап, өртеніп жатқан видеосы тарады. Аталған видео рас па? Шетелдің leadstories.com басылымының мәліметінше, аталған видео ЖИ көмегімен жасалған, деп хабарлайды Nofake.kz.
Жалған ақпарат қалай тарады?
Басылымның мәліметінше, мұндай жазбаны 2026 жылғы 18 қазанда X әлеуметтік желісіндегі @MrEdogtagnft атты қолданушы жариялаған.

Ол онда: «Шұғыл жаңалық: негізінен студенттердің бейбіт наразылығына шыққандар Эйфель мұнарасын өртеп жіберді», — деп жазған.
Басылымның хабарлауынша, 2026 жылдың 17 қазанында ел бойынша 110 наразылық акциясы өтіп, оларға шамамен 550 мың адам қатысқан. Наразылықтар мектептердегі білім алу жағдайының нашарлауына және өмір сүру құнының қымбаттауына байланысты ұйымдастырылған. Кейбір акциялар полициямен қақтығыстарға және тонау оқиғаларына ұласқан. Нәтижесінде кемінде 2 400 адам ұсталған.
Тексеру нәтижесі қандай?
2026 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша SkylineWebcams және Meteo Paris секілді бірнеше веб-камераның тікелей эфирінде Эйфель мұнарасының бүтін тұрғаны көрінген.

Эйфель мұнарасының ресми сайтында да нысанның келушілер үшін ашық екені көрсетілген.

Мұнараның Facebook пен Instagram желілеріндегі ресми аккаунттарында вирустық видеода айтылған өрт туралы ешқандай ақпарат жарияланбаған.

Егер мұнара шынымен қираған болса, бұл оқиға халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланар еді. Алайда Google News жүйесінде жүргізілген іздеу нәтижесінде оның құлағаны туралы хабарламалар табылмаған.
Видеоның ЖИ көмегімен жасалғаны қалай анықталды?
Басылым фактчекерлері роликті ЖИ көмегімен жасалған контентті анықтайтын екі онлайн құрал арқылы тексерген.
- Hive Moderation видеоны жасанды интеллект көмегімен жасау ықтималдығын 85,6% деп бағалаған.
- Sightengine бұл ықтималдықты 99% деп көрсеткен.

Сонымен қатар видеоны мұқият қарау кезінде ЖИ көмегімен жасалған контентке тән визуалды қателер анықталған. Мысалы, алдыңғы пландағы ғимараттың терезелері әртүрлі пішінде болған, ал кейбір терезелер мүлдем жоқ — олардың орнына тұтас қабырға бейнеленген.
Мұндай фейктер бұған дейін де тараған
Наразылықтар кезінде Эйфель мұнарасының қирағаны туралы қауесеттер интернетте алғаш рет таралып отырған жоқ. Мұндай мәлімдемелердің әртүрлі нұсқалары кем дегенде 2023 жылдың ортасынан бері жарияланып келеді.

2026 жылғы қазанда Франциядағы наразылықтар кезінде әлеуметтік желі қолданушылары мұнараның жалынға оранғаны бейнеленген тағы бір видеоны қайта таратқан.
Алайда бұл ролик те ЖИ көмегімен жасалған. Мұны видеоның нобайынан SynthID көрінбейтін сутаңбасының анықталуы арқылы растаған.
Бұл видео алғаш рет 2025 жылы қолданушыларды жаңылыстыру үшін пайдаланылған. Бұл туралы бұған дейін AFP агенттігі хабарлаған.
Түйін
2026 жылғы қазанда Париждегі наразылықтар кезінде Эйфель мұнарасы өртеніп немесе қирап жатқаны бейнеленген видеолар — фейк. Олар ЖИ көмегімен жасалған және нақты оқиғаларды көрсетпейді.


