Алаяқтар әкімнің суретін пайдаланып, желіде несие ұсынған

Фото: Depositphotos
Threads желісінде қолданушылардың бірі алаяқтарға алданып қала жаздағаны туралы жазды. Бір қызығы, күмәнді несие жарнамасында Жетісу облысы Текелі қаласының әкімі Айдос Бекетаевтың суреті пайдаланылған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Желі қолданушысы жазбасында алаяқпен сөйлесу барысын жариялап, оған жалған чек жіберіп, уақытын алғанын әзілмен жеткізген.
«Осындай тым ақылды адамдар арамызда толып жүргені -ай. Алаяққа өтірік чек жіберіп, кішкене жынына тидім-ау деймін. Ішім пысып отыр еді. Threads-та жүр бұл қарағым», – деп жазды ол.

Жазбадағы скриншоттарға сәйкес, алаяқ Threads желісінде пайызбен ақша беру туралы жарнама жариялаған. Оған хабарласқан бойжеткенге 400 мың теңгені 6, 12 немесе 24 айға, 15 пайызбен беруге уәде еткен. Алайда ақшаны аудару үшін нотариус қызметіне алдын ала 15 мың теңге төлеуді сұраған.

Қыз бұл ұсыныстың алаяқтық болуы мүмкін екенін түсініп, жалған чек жіберген. Жазбаға пікір қалдырған желі қолданушылары оның әрекетіне қолдау білдірген.

NoFake.kz редакциясы Текелі қаласының әкімдігіне хабарласып, осы жағдай жайлы сұрады. Әкімдіктегілер расымен бұл қала әкімінің суреті екенін растап, аккаунттың әкімге қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Threads әлеуметтік желісінде Текелі қаласының әкімі Бекетаев Айдос Халилоллаұлының фотосуретін пайдаланып, азаматтарға пайызбен ақша ұсынатын жалған аккаунт туралы жазба жарияланды. Бұл аккаунттың қала әкіміне де, қала әкімдігіне де ешқандай қатысы жоқ. Азаматтарды сақ болуға, жеке деректері мен банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге шақырамыз», — деп жауап берді редакциямызға Текелі әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімнің өзі де бұл жазбаны көріп, автордан суретін өшіруді сұрағанын айтты.
«Иә, жазбаны Threads-тен көрдім. Маған таныстарым жіберді. Астана қаласы деп жазып қойыпты. Мен Жетісу облысында тұрамын. Мына постты жариялаған қызға фотомды өшіріңіз немесе сотқа шағымданамын деп айттым», – деді әкім.
Оның айтуынша, алаяқтар пайдаланған сурет шамамен үш жыл бұрын түсірілген.
«Бұл сурет осыдан үш жыл бұрын мен Талдықорған қаласына Жетісу облысы бойынша энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалған кезде түскен», – деп түсіндірді Текелі қаласының әкімі Айдос Бекетаев.
Аталған жайт бойынша полицияға шағым түскен-түспегені жайлы NoFake.kz редакциясы Жетісу облысы полиция департаментіне ақпараттық сауал жолдады.
«Аталған дерек бойынша Жетісу облысы Полиция департаментіне арыз түскен жоқ. Дегенмен, қазіргі уақытта осы жағдайға қатысты тексеру жұмыстары жүргізілуде», — деп мәлімдеді тәртіп сақшылары.
Сонымен қатар, полиция өкілдері әлеуметтік желі пайдаланушыларын интернет-алаяқтардан сақ болуға, жалған аккаунттарға сенбеуге және өзге адамдардың аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып әрекет ететін тұлғаларға алданбауға шақырды.


