Астанада желіде жалған билет сатқан азаматқа сот үкімі шықты

Фото: pixabay.com
Астанада концертке жалған билет сатқан азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Ол ресми сайт арқылы екі билет алып, ондағы деректерді өзгертіп, Threads әлеуметтік желісінде сатқан, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство мәліметінше, 30 жастағы ер адам ресми сайттан екі билет сатып алып, олардың деректемелерін өзгерту арқылы жалған билет жасаған. Одан бөлек азамат Threads әлеуметтік желісінде концертке билеттерді сату туралы хабарландырулар орналастырған.
«Хабарландыру арқылы екі азамат, оның ішінде кәмелетке толмағандар билет алған. Олар жалған билет үшін, сатушыға 50 және 40 мың теңге аударған. Ақшаны алған соң, ер адам сатып алушыларды бұғаттап, байланысқа шығуды тоқтатқан», — делінген ведомство хабарламасында.
Астана қаласының прокуратурасы жалпы залал көлемі 90 мың теңгені құрағанын айтады. Сот үкімімен залалдың өтелуін және кінәні толық мойындауын ескере отырып, сондай-ақ, оған бүкіл кезеңге пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.
Осы ретте, Астана қаласының прокуратурасы билеттерді тек ресми көздер арқылы сатып алуға және әлеуметтік желілердегі таныс емес сатушыларға ақша аудармауға кеңес береді.


