Тоқаев жасанды интеллектіні халықаралық деңгейде реттеуге шақырды

Фото: Aqorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) қызметіне жасанды интеллект мәселесін алтыншы бағыт ретінде енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің бақылаусыз дамуы халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екенін ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік мәселесі әрқашан АӨСШК қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, ұйым халықаралық қақтығыстардың алдын алу, дауларды бейбіт жолмен шешу және қарусыздандыру ісінде белсенді рөл атқаруы тиіс.
«Біздің Ұйым дау-дамайды бейбіт жолмен реттеуге, қарусыздандыруға және бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады. Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық институттармен байланыс орната отырып, АӨСШК Азия мен одан тысқары аймақтардағы қайшылықтарды еңсеруде анағұрлым белсенді рөл атқаруға тиіс», – деді Президент.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясында превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды. Оның пікірінше, қақтығыс басталғаннан кейін оның салдарын жоюдан гөрі алдын алу әлдеқайда тиімді.
«Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі. Мұндай тетік Ұйымға мүше елдердің шешім қабылдауға жүйелі түрде атсалысуына және мәлімдеме қабылдаудан гөрі келісілген іс-әрекетке көшуіне мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі қауіпсіздік мәселелері дәстүрлі қақтығыстармен ғана шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллектінің қарқынды дамуы мен кибершабуылдар мемлекеттер үшін жаңа қатерлер туғызып отыр.
«Жасанды немесе супер интеллект қазірдің өзінде экономикалық даму мен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторға айналды. Кибершабуылдар заманауи қақтығыстарды ушықтыруда төтенше рөл атқарады. Бұдан бөлек, жасанды интеллектінің бақылаусыз дамуы зор алаңдаушылық туғызады. ЖИ-дің мүмкіндігі молая түскенімен, оны халықаралық-құқықтық реттеу тетіктері жетіле қоймаған», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект агенттерінің қорғаныс тетіктерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелгеніне де назар аударды.
«Егер халықаралық-құқықтық тетіктерді енгізу арқылы осы үдерістерді тоқтатпасақ, мұндай жағдайлардың салдары ауырлап, мемлекеттер арасындағы қақтығыс шиеленісе түсуі ықтимал. Жасанды интеллектінің дамуы адамзаттың оны тиімді бақылау қабілетінен асып түспеуі керек», – деді Президент.
Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК аясындағы сенім шараларын цифрлық кеңістікке де кеңейтуді ұсынды.
«Меніңше, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жасанды интеллектімен толықтыруы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің ұсынысы жасанды интеллектіні халықаралық деңгейде реттеу, цифрлық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейту және жаңа технологияларға байланысты қауіп-қатерлердің алдын алу мәселелерін АӨСШК күн тәртібіне енгізуді көздейді.


