NoFake

ERG Ақтөбедегі зауыттардың бірінде митинг болғанын растамады

Фото: kazchrome.com

Әлеуметтік желіде Ақтөбедегі «Ақтөбе ферроқорытпа зауытында» митинг болғаны туралы ақпарат тарады. Nofake.kz аталған ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Threads қолданушыларының бірі Ақтөбедегі «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» қызметкерлері митингке шыққаны туралы жазба жариялады.

Скриншот: әлеуметтік желі

Желі қолданушылары зауыт қызметкерлерінің еңбекақыны арттыруын талап еткенін жазады.

«Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» ERG-ге қарасты «Қазхром» АҚ-на жататындықтан, аталған ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін, ERG баспасөз қызметіне хабарластық.

«Ақтөбе ферроқорытпа зауытында компания басшылығы қызметкерлермен кездесті. Кездесу барысында басшылық пен ұжым кәсіпорын жұмысына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, алдағы даму мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты. Компания өндірістік жобаларды іске асырып, жабдықтарды жаңғыртып, шикізат базасын дамытып келеді. Бұл жұмыстар өндіріс тиімділігін арттыруға, кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне, ұзақ мерзімді дамуына және жұмыс орындарын сақтауға жағдай жасайды», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, компания қызметкерлер жалақыны көтеру мәселесін қозғағанын да растады. Айталурынша, ондағы ұсыныстар мен өтініштердің бәрі қарауға қабылданған. Сондай-ақ, ведомство мәлімдемесінде «Қазхромда» жалақы мөлшері жыл сайын 1 қаңтардан бастап қайта қаралатыны айтылады.

«2022 жылдан бері кәсіпорындардағы қызметкерлердің орташа жалақысы 79%-ға артты. Компания жалақыны одан әрі көтеру мәселесін қазіргі жағдай мен өз мүмкіндіктерін ескере отырып, қарастырып жатыр», — деп жазылған хабарламада.

Түйін

Осылайша, ERG баспасөз қызметінің жауабына сәйкес, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қызметкерлермен кездесу өтіп, жалақыны көтеру мәселесі талқыланған. Алайда компания қызметкерлердің митингке шыққаны туралы ақпаратты растаған жоқ.

Оқу үшін