NoFake

Абонентке киберқауіп төнсе, интернетке шектеу қойылатыны рас па

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желіде 11-ші қазаннан бастап абоненттерге киберқауіп төнсе, олардың интернеті шектеледі деген ақпарат тарады. Nofake.kz аталған ақпараттың рас-өтірігін анықтады.

Желі неге шулады?

Желі қолданушылары аталған ақпаратты жиі талқылап, енді «киберқауіп оқиғалары тіркелсе, абонент интернеттен шектелуі мүмкін» екенін жазған.

Скриншот: әлеуметтік желі

Мәселенің мән-жайын білу үшін, Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне хабарластық. Ондағылар аталған жаңашылдықтың расымен енгізілетінін әрі жаңа ережелерге қатысты нені білу керек екенін түсіндірді. Төменде солардың маңыздыларына тоқталамыз.

Қазақстандықтарды енді интернеттен себепсіз ажыратылады — жалған

ЖИЦДМ-нің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, интернетті себепсіз немесе ол өз еркімен өшіріледі деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Комитет, бұл ретте, байланыс желісінің немесе байланыс құралдарының жұмысын тоқтату ҚР «Байланыс туралы» Заңының 40 және 41-1-баптарында көзделген нақты негіздер бойынша ғана жүзеге асырылатынын жеткізді. Бұл дегеніміз — интернетке тек нақты киберинцидент анықталған жағдайда ғана шектеу енгізіледі.

«Ол қалай жүзеге асырылады? Абонентке SMS арқылы хабарлама жіберіліп, мәселені жою үшін 48 сағат беріледі. Осы уақыттан кейін оператор киберинцидент белгілерінің бар-жоғын қайта тексереді. Егер инцидент жойылмаса, интернетке қолжетімділік шектеледі. Жаңа ережелер 2026 жылғы 11 қазанда күшіне енді», — делінген хабарламада.

Барлық абоненттің интернетті жаппай өшіріле ме?

«Жоқ, бұл ережелер интернетті жаппай өшіруді көздемейді. Механизм нақты анықталған және жойылмаған киберинцидентке байланысты белгілі бір абоненттік құрылғыға қатысты қолданылады», — делінген хабарламада.

Интернетті өшіруге негіз болатын вирустар немесе бұзушылықтардың тізімі бар ма?

Жоқ. Ережелерде вирустар немесе бағдарламалардың жабық тізімі қарастырылмаған. Заңда белгіленген «киберинцидент» ұғымы және компрометация индикаторының техникалық көрсеткіші қолданылады.

Азаматтарға SMS арқылы қандай хабарлама келеді?

SMS хабарламада киберинциденттің анықталғаны туралы ақпарат және оны жоюға берілген мерзім көрсетілуі тиіс.

48 сағат өткеннен кейін не болады, интернет автоматты түрде өшіріле ме?

Жоқ. Берілген мерзім аяқталғаннан кейін оператор компрометация индикаторының бар-жоғын тексереді. Егер инцидент жойылса, интернетке қолжетімділікті шектеуге негіз болмайды. Ал инцидент орын алса, оператор интернетке қолжетімділікті шектеп, бұл туралы Киберқауіпсіздікті үйлестіру орталығына (КҚҮО) хабарлайды.

SMS алғаннан кейін азаматтар не істеуі керек?

Көрсетілген мерзім ішінде өз құрылғысындағы киберинцидентті жою шараларын қабылдауы қажет. Нақты әрекеттер инциденттің сипатына байланысты болады. Қағидаларда барлық киберинцидентке ортақ әмбебап техникалық нұсқаулық қарастырылмаған.

Азаматтарға SMS жетпеген жағдайда не істеу қажет?

Оператор SMS хабарламасының жіберілгенін, оның күні мен уақытын, сондай-ақ жеткізілу нәтижесін техникалық түрде тіркеуге міндетті. Қағидаларда оператор тарапындағы техникалық ақаулар мен хабарламаны алу мүмкін болмаған жағдайлар, мысалы құрылғының өшірулі болуы немесе байланыс аймағынан тыс жерде болуы, бөлек қарастырылған.

Телефон өшірулі болса немесе байланыс аймағынан тыс жерде болғанда жағдай қалай болады?

Мұндай жағдайда өшірулі құрылғы, байланыс желісінің қамту аймағында болмау немесе құрылғының ақауы операторға байланысты емес жағдайларға жатқызылады. Бұл ретте оператор хабарламаның жеткізілу нәтижесін тіркеуге міндеттеледі.

Киберинцидентті анықтау үшін оператор WhatsApp, Telegram немесе жеке хат-хабарларды оқи ала ма?

Байланыс операторларының мессенджерлердегі шифрланған трафик арқылы жіберілетін хабарламаларды оқуға құқықтық негіздері де, техникалық мүмкіндіктері де жоқ. Хабарламалардың құпиялылығына қатысты құқықтар байланыс саласындағы заңнамамен реттеледі.

Абонент ақысын алдын ала төлеп қойған қызметті оператор неге шектей алады?

Бұл оператордың өз қалауы бойынша қабылдайтын шешімі емес, заңда тікелей белгіленген негіздер болған жағдайда оның міндеті. Мұндағы мақсат — жойылмаған киберинцидентті тоқтату және одан әрі төнетін қауіптің алдын алу.

Жаңа ережелер бойынша жауапкершілік қарапайым пайдаланушыға жүктеле ме?

Жоқ. Міндеттер тараптар арасында бөлінген. Оператор инциденттерді анықтап, бірден жағдайдың алдын алуға міндеттеледі, киберқауіпсіздік жүйесі ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді, ал абонент өз құрылғысында анықталған инцидентті жоюы керек.

Қате шектеу енгізілген жағдайда оған шағымдануға бола ма?

Иә. Бұл қағидалар киберинцидентті реттеудің арнайы тәртібін белгілейді. Алайда олар заңнамада көзделген азаматтардың құқықтарын қорғау және оператордың әрекетіне шағымдану тетіктерін жоймайды.

Мәселе жойылғаннан кейін интернет қанша уақытта қайта қосылады?

Жаңа ережелер қызметті шектеуге дейінгі әрекеттер тәртібін белгілейді. Алайда енгізілген шектеуден кейін интернетке қолжетімділікті қайта қалпына келтірудің нақты мерзімі мен жеке рәсімі қағидаларда белгіленбеген. Жаңа ережелердің басты мақсаты — киберқауіпті жою. Егер инцидент жойылса, қағидаларда көзделген қорғау шарасын қолданудың қажеті болмайды.

Киберинцидент туралы хабарлама келді: ол қалай жойылады?

  • Байланыс операторы инцидентті анықтап, абонентке оны жою қажеттігі туралы қысқа мәтіндік хабарлама жібереді. Хабарламада инциденттің анықталғаны және оны жою мерзімі көрсетіледі.
  • Абонент байланыс операторы белгілеген мерзімде абоненттік құрылғыда анықталған инцидентті жоюы тиіс.
  • Белгіленген мерзім өткеннен кейін байланыс операторы компрометация индикаторының (ред. анықталған инциденттің техникалық белгілерінің әлі де бар-жоғын ) бар-жоғын тексереді.
  • Егер инцидент жойылмаса, оператор байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұрады және бұл туралы Киберқауіпсіздік жөніндегі ұлттық үйлестіру орталығына хабарлайды.

Бұл ретте, оператор тиісті хабарлама жібергеннен кейін, абонементке инцидентті жою үшін 48 сағат уақыт береді. Егер осы мерзімде инцидент жойылмаса, абоненттік құрылғының интернетке қол жеткізу мүмкіндігі шектеледі.

Түйін

Қазақстанда 2026 жылғы 11 қазаннан бастап күшіне енген жаңа ережелер барлық абоненттің интернетін жаппай өшіруді көздемейді. Интернетке қолжетімділік нақты киберинцидент анықталып, оны жоюға берілген 48 сағат ішінде мәселе шешілмеген жағдайда ғана шектелуі мүмкін. Бұл ретте байланыс операторы абонентке алдын ала SMS-хабарлама жіберіп, инциденттің жойылған-жойылмағанын қайта тексеруі тиіс. Жаңа талаптардың мақсаты – азаматтарды интернеттен негізсіз ажырату емес, цифрлық құрылғылардағы киберқауіптерді азайту.

Оқу үшін