NoFake

Дипфейктерді қалай тануға болады: Astana Media Week 2026-да медиасауаттылық мәселесі талқыланды

Фото: NoFake.kz

Astana media week 2026 форумында сарапшылар дипфейктердің таралуы, ЖИ арқылы жасалатын фейктер және медиасауаттылықтың маңызы туралы тақырыптарды талқылады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қазақстандық журналистер үшін ақпаратты тек жылдам тарату емес, оның шынайылығына жауап беру маңызды. Бұл туралы Astana media week 2026 аясындағы «AI, IT & Media: Жауапкершілік шекарасы» технологиялық дискуссиясында айтылды. Форумда NoFake.kz жобасының жұмысы аясында ақпараттың шынайылығын тексеру, манипуляцияға берілмеу және дипфейктерді әшкерелеу мәселелеріне ерекше назар аударылатыны айтылды.

Global Fact-Checking Network (GFCN) халықаралық фактчекинг желісінің сарапшысы, NoFake.kz жобасының жетекшісі  Илья Рыбиннің айтуынша, әлеуметтік желілер мен блогерлер ақпаратты оқиға орнынан жылдам тарата алады. Ал кәсіби журналистер жарияланым дайындамас бұрын деректерді тексеріп, ақпараттың дұрыстығына көз жеткізуі керек. Сондықтан контент үшін жауапкершілік медиа арасындағы бәсекеде маңызды факторға айналып отыр.

«Қазір өндірілген контент үшін жауапкершілік ресми бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы бәсекелестіктің маңызды артықшылықтарының біріне айналып отыр. Медиа үшін жылдамдық, эксклюзивті ақпарат және аудиторияны қамту қаншалықты маңызды болса, жарияланған ақпараттың шынайылығына жауап беру де соншалықты маңызды. Сонымен қатар жасанды интеллект арқылы жасалған жалған контентті анықтап, оған не себепті сенуге болмайтынын түсіндіру мүмкіндігі пайда болды. NoFake.kz жобасында біз дәл осы бағытта жұмыс істейміз», — деді спикер.

Оның сөзінше, ЖИ көмегімен жалған контент жасау барған сайын оңай, әрі арзан болып барады. Мұндай ақпарат тараған кезде компаниялар оның салдарын түсіндіруге уақыт жұмсаса, фактчекерлер жалған мәліметті тексеріп, теріске шығаруға кіріседі. Алайда осы уақытта әлеуметтік желілерде жалған ақпарат одан әрі таралып, пайдаланушылар оған сеніп, белгілі бір компанияны немесе адамды айыптап үлгеруі мүмкін.

«Сондықтан біз үшін контентті жасап, жариялаумен қатар, адамдардың оның шынайы немесе жалған екенін ажырата білуі де өте маңызды. Дипфейктерге келсек, қоғамда саясаткерлер, танымал тұлғалар, әншілер мен әртістер туралы жалған видеолар кең таралады. Ал адамдарға зиян келтіретін экономикалық сипаттағы фейктердің қаралымы аз болғанымен, саны өте көп», — деді маман.

Спикер дипфейктердің сапасы әрдайым жоғары бола бермейтінін де айтты. Мамандар кейде видеодағы визуалды белгілерге, айналадағы нысандарға және мемлекеттік рәміздерге қарап, оның жасанды екенін анықтай алады. Алайда сапасы төмен видеоның өзі көрермендерді сендіруі мүмкін.

«Мұндағы негізгі мәселе — медиасауаттылық пен сыни ойлауды дамыту», — деді ол.

NoFake.kz жобасының дерегіне сәйкес, 2026 жылығы қаңтардан қазанға дейін команда осы бағытта 1 400-ден астам авторлық материал әзірлеген. Олардың бір бөлігі сыни ойлау мен медиасауаттылықты дамытуға арналса, 400-ден астам материалда жалған ақпарат тексеріліп, теріске шығарылған, манипуляциялар мен дипфейктер анықталған.

Сонымен қатар, форум аясында порталдың шеф-редакторы Жәудір Оразхан «Ояну: ақпаратты қабылдау, саралаудың тың тәсілі және критикалық интеллект» атты шеберлік сыныбын өткізді.

Айта кетейік, бұған дейін біз БАҚ-та ЖИ-ді қолданудың кәсіби стандарттары бекітілетіні және ол қалай жұмыс істейтіні жайлы жаздық.

Оқу үшін