NoFake

БАҚ-та ЖИ-ді қолданудың кәсіби стандарттары бекітіледі: ол қалай жұмыс істейді

Фото: NoFake.kz

Қазақстанда журналистика саласында жасанды интеллектіні қолданудың кәсіби және этикалық стандарттарын әзірлеу ұсынылды, деп хабарлайды Nofake.kz.

ЖИ алгоритмдері мәтін жаза алғанымен, жарияланған материалдар үшін жауапкершілік журналистер мен редакцияларға жүктеледі. Бұл туралы Қазақстанның мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Astana Media Week форумында мәлімдеді.

Оның айтуынша, редакцияларда жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеудің бірыңғай қағидаттарын медиа қауымдастық өкілдерімен бірлесіп әзірлеу қажет.

«Алгоритм бәріміз түсінетін мәтінді жаза алады, бірақ айтылған сөз үшін жауап бере алмайды. Жауапкершілік әрдайым журналистер мен тұтас редакцияның мойнында қалады. Сондықтан медиа қауымдастықпен бірлесіп, бірыңғай қағидаттарды пысықтауды ұсынамыз», — деді ол.

Вице-министр салаға ЖИ-ді қолданудың нақты ережелері, соның ішінде этикалық нормалар қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар оның пікірінше, жаңа қағидаттар жоғарыдан күштеп таңылмай, журналистердің өздері қабылдайтын кәсіби стандартқа айналуы керек.

«Ең бастысы, бұл қағидаттар жоғарыдан берілген нұсқау емес, журналистер қабылдайтын кәсіби стандарт болуы керек. Осылайша, бұл өзін-өзі реттеу және редакциялардың ішкі жауапкершілігі мәселесіне айналады», — деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Astana Media Week — медиа индустрияның өзекті үрдістерін, БАҚ-тың цифрлық трансформациясын және журналистиканың даму перспективаларын талқылауға арналған жыл сайынғы алаң. 2026 жылы іс-шара 14–16 қазан аралығында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатыр. Биыл форум оныншы рет ұйымдастырылуда. Ауқымды шараға Meta, TikTok және Euronews секілді халықаралық медиа компаниялардың өкілдерін қоса алғанда, сала мамандары қатысып жатыр.

Оқу үшін