Қосшыда сібір жарасы ошағы көмілген жерде үй салынғаны рас па

Фото: depositphotos.com
Әлеуметтік желіде Астана жанындағы Қосшы қаласында сібір жарасының ошағы болған жерде үйлер салынатыны туралы ақпарат тарады. Nofake.kz аталған ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтап көрді.
Желі неге шулады?
Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, Қосшыда сібір жарасының ошағы болған жерге жаңа көпқабатты үйлер салынбақ.

Әкімдік мәлімдемесі
Аталған ақпараттың қаншалықты рас екенін білу үшін, Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарластық. Ондағылар Қосшы қаласының «Чистые пруды» ауданында тарихи есепке алынған нысан бар екенін, ол туралы мәліметтер есептік құжаттарда көрсетілгенін мәлімдеді. Қолда бар деректерге сәйкес, бұл ошақ 1986 жылғы 28 тамызда тіркелген. Аталған аумақ ауру малды бөлшектеу орны болған.
«Бұл нысанның санитариялық-қорғаныш аймағына қатысты мәселенің өзіндік құқықтық тарихы бар. Бұған дейін санитариялық-қорғаныш аймағы Целиноград ауданы әкімдігінің 2010 және 2014 жылдардағы қаулыларымен белгіленген. 2021 жылы бұл қаулылар ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің ережелерін ескере отырып, прокуратура тарапынан күшін жойған», — делінген хабарламада.
Осылайша, тексеру барысында санитариялық-қорғаныш аймақтарын, оның ішінде жұмыс істеп тұрған нысандар үшін алдын ала санитариялық-қорғаныш аймақтарын белгілеу, олардың көлемін айқындау, сондай-ақ белгіленген көлемдерін өзгерту өкілеттігі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғаларға тиесілі екені анықталған.
«Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазір іргелес аумақта 500-ден астам тұрғын үй орналасқан. Сонымен қатар, 2021 жылдан бері Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында аталған нысанның санитариялық-қорғаныш аймағы шегінде тұрғын үй құрылысына, жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, бау-бақша өсіруге және коммерциялық нысандар салуға арналған жер учаскелері берілмеген», — делінген хабарламада.
Әкімдік бұл ретте Қосшы қаласындағы сібір жарасы көмілген орынның шартты аумағы көлемі 3 × 5,5 метр болатын саркофаг түріндегі бетон құрылыммен қоршалғанын, қоршауға «Сібір жарасы» деген жазуы бар тақтайша орнатылғанын жеткізді.
«Жер учаскесі 2017 жылғы 31 мамырдағы № АН 0236029 тұрақты жер пайдалану құқығын беру туралы актінің негізінде белгіленген тәртіппен рәсімделген. Тиісті мәліметтер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілген», — делінген хабарламада.
Бұл ретте, әкімдік мәлімдемесінде Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жыл сайын сібір жарасы көмілген белгілі орындарға мониторинг жүргізіп, санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елді мекендердің аумақтарынан топырақ сынамаларын алатыны айтылады. Бүгінде зертханалық зерттеулердің нәтижелері теріс екені анықталған.
Түйін
Осылайша, әкімдік мәліметінше, Қосшы қаласының «Чистые пруды» ауданында сібір жарасы көмілген орын тарихи есепке алынған және белгіленген тәртіппен рәсімделген. Алайда санитариялық-қорғаныш аймағына қатысты бұрынғы қаулылардың күші жойылған. Әкімдік 2021 жылдан бері осы аймақ шегінде тұрғын үй құрылысына және өзге де мақсаттарға жер учаскелері берілмегенін мәлімдеді. Ал топырақ сынамаларының зертханалық нәтижелері теріс болған.


