NoFake

Krisha.kz, Kolesa.kz-тегі жалған хабарландыруларды қалай ажырутаға болады

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желіде Krisha.kz, Kolesa.kz платформаларында жалған хабарландыру көп кездесетіні жиі жазылады. Nofake.kz аталған платформаларда алданып қалмау үшін не істеу керек, шын жарнама беруші мен алаяқ жариялаған хабарландыруды қалай ажыратуға болады деген сұрақтарға жауап іздеді.

Threads желісіне кірсеңіз, Krisha.kz, Kolesa.kz платформаларындағы алаяқтық әрекетке қатысты түрлі оқиғаға тап боласыз. Жұрт жалған хабарландыру жиі кездесетінін және алаяқтарға алданып қалғандар көп екенін жазған. Олардың арасында, тіпті өз пәтерінің ұзақ мерзімді жалға берілетінін көрген және сол жалған хабарландырудың авторымен кездескендер де бар.

Скриншот: әлеуметтік желі

«Кеше анам пәтерін жалға беру туралы хабарландыру жариялаған. Ертеңінде кездейсоқ платформаға кіргенінде, біздің пәтердің суретін алаяқтар алып, оны бар-жоғы 300 мың теңгеге жалға беретіні туралы хабарландыру жазған», — дейді желі қолданушыларының бірі.

Палтформалардағы хабарландырулардың жалған екенін қайдан білеміз?

Платформалардағы хабарландырулардың жалған екенін қалай білуге болатынын, Krisha.kz-тің баспасөз қызметіне хабарласып білдік. Мамандар жалған хабарландыруда бір ғана емес, бірнеше белгі болатынын атап өтті. Солардың маңыздыларын назарға ұснамыз:

  • Бағасы ұқсас ұсыныстармен салыстырғанда тым төмен баға;
  • Пәтер суреттерінің көрсетілген бағаға сай келмейтіндей өте әдемі болуы (оларды сурет арқылы іздеу функциясымен тексеруге болады);
  • Пәтер немесе көліктің өзі туралы ақпарат өте аз, болса да күмән келетіндей ақпараттың болуы.

Сонымен бірге компания, «Сатып алғысы келетіндер көп, бүгін алдын ала төлем жасаңыз» деп асықтырса, хабарландыру авторы басқа мессенджерге ауысуды ұсынса немесе төлем жасауға арналған сілтеме жіберсе, банк картасының нөмірін, CVV-кодты немесе SMS арқылы келген кодты сұраса, сақ болуға шақырады. Мұндай хабарландыруларды алаяқтар жариялауы әбден мүмкін.

Алаяқтар Krisha.kz, Kolesa.kz атынан жазуы мүмкін бе?

Компания алаяқтар платформа атынан да хабарлама жіберуі мүмкін екенін ескертеді. Мысалы ондай хабарламалар «Хабарландыруыңыз бұғатталды», «Сізге өтемақы беріледі» деген сипатта болуы мүмкін.

Азаматтарға компания атынан келген хабарламаның шынайы екенін қалай анықтауға болады?

Компания өкілдері Kolesa.kz және Krisha.kz тек қосымшаның ішінде ғана хабарламалар жазатынын ескертеді.

«Аккаунт атауының жанында көк белгі тұрады. Біз Telegram-боттар арқылы деректерді тексермейміз және ақша алу үшін сілтеме жібермейміз. Егер хабарлама қосымшаның ішінен келмесе немесе көк белгі болмаса, ол алаяқтар болуы ықтимал», — деп түсіндірді мамандар.

Алаяқтарға тап болсаңыз, не істеу керек?

«Компания азаматтарға алаяқтарға тап болған жағдайда, чаттың жоғарғы оң жақ бұрышындағы үш нүктені басып, «Шағымдану» батырмасын таңдауға немесе қолдау қызметіне жазуға кеңес береді. «Сізді нақты не күмәндандырғанын түсіндіріңіз. Бұл модераторларға жағдайды тезірек анықтауға көмектеседі. Егер ақшаңызды аударып қойсаңыз, дереу полицияға жүгініңіз», — дейді мамандар.

Түйін

Сонымен, Krisha.kz және Kolesa.kz платформаларында жалған хабарландыруыға тап болмас үшін, алдымен бағаға, фотосуреттерге және сатушының әрекетіне назар аудару керек. Алдын ала төлем жасауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және SMS-кодтар мен банк картасының құпия деректерін бөгде адамдарға бермеуге кеңес беріледі. Егер хабарламаның шынайылығына күмәндансаңыз, оны платформаның ресми қосымшасы арқылы тексеріп, алаяқтық белгілері байқалса, қолдау қызметіне хабарласуға болады.

Оқу үшін