Білімді адамдар да фейк ақпаратқа сене ме: неміс ғалымдарының зерттеуі

Фото: Depositphotos
Жоғары білім адамның жалған ақпаратқа сеніп қалмайтынына кепілдік бермейді. Германиядағы Макс Планк институтының ғалымдары ауқымды зерттеу жүргізіп, адамдардың фейк жаңалықтарды қалай қабылдайтынын анықтады. Бұл туралы Deutsche Welle (DW) басылымы жазды.
Зерттеушілер АҚШ-та 2006–2023 жылдар аралығында жүргізілген 31 эксперименттің нәтижесін талдаған. Оған 18 бен 88 жас аралығындағы 11 561 адам қатысқан. Ғалымдар олардың шынайы және жалған жаңалықтарды ажырату қабілетін зерттеген.
Білім деңгейі фейкті ажыратуға әсер ете ме?
Зерттеудің басты қорытындыларының бірі – жоғары білімді адамдардың жалған ақпаратты анықтау қабілеті білім деңгейі төмен адамдардан айтарлықтай ерекшеленбеген. Яғни адамның жоғары оқу орнын бітіруі оның кез келген ақпаратты дұрыс бағалай алатынын білдірмейді.
«Білім деңгейінің адамдардың шынайы және жалған ақпаратты ажырату қабілетіне айтарлықтай әсер ететінін анықтаған жоқпыз», – делінген Макс Планк институтының зерттеу туралы жарияланымында.
Ғалымдардың айтуынша, бұл нәтиже білімді адамдар жалған ақпаратқа азырақ сенеді деген кең тараған түсінікке қайшы келеді.
Жастар мен егде жастағылардың қайсысы фейкті жақсы ажыратады?
Зерттеу нәтижесінде тағы бір қызықты жайт анықталған. 48–88 жас аралығындағы адамдар 18–31 жастағы жастарға қарағанда шынайы және жалған жаңалықтарды жақсырақ ажыратқан.
Егде жастағы қатысушылар ақпаратқа күмәнмен қарап, жаңалықтарды жалған деп бағалауға көбірек бейім болған. Алайда ғалымдар бұл адамдар жалған ақпаратты мүлде таратпайды деген сөз емес екенін ескертеді. Бұған дейінгі зерттеулер егде жастағы қолданушылардың әлеуметтік желілерде фейк ақпаратты жиірек бөлісетінін көрсеткен.
Неліктен бір ақпаратты қайта-қайта көрген адам оған сенеді?
Ғалымдар анықтаған ең маңызды факторлардың бірі – ақпараттың адамға бұрыннан таныс болуы.
Егер адам белгілі бір жаңалықты бұған дейін көрген болса, оның шынайы екеніне сену ықтималдығы артады. Мысалы, әлеуметтік желіде жалған ақпарат бірнеше рет жарияланып, түрлі парақшалар арқылы тараса, оны көрген адам хабарламаның рас екеніне біртіндеп сене бастауы мүмкін. Зерттеушілердің пікірінше, мұндай жағдай әлеуметтік желілерде ерекше қауіпті. Өйткені ақпараттың жиі кездесуі оның шынайылығын дәлелдемейді. Сонымен қатар адамдар өз көзқарасына сәйкес келетін ақпаратқа көбірек сенетіні анықталған. Тіпті логикалық ойлау қабілеті жоғары адамдар да бұрыннан қалыптасқан пікірін қолдайтын жалған мәліметті шындық ретінде қабылдауы мүмкін.
Фейк ақпараттан қалай қорғануға болады?
Ғалымдар интернеттегі ақпаратты дұрыс бағалау дағдыларын мектеп жасынан бастап қалыптастыру қажет деп есептейді.
«Зерттеу нәтижелері мектеп бағдарламасына медиасауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын ерте жастан енгізудің шұғыл қажеттігін көрсетеді. Цифрлық технологиялармен өскен жастардың өзі шынайы және жалған жаңалықтарды ажыратуда қиналған», – дейді зерттеу авторларының бірі, Макс Планк институтының ғылыми қызметкері Ральф Курверс.
Мамандар кез келген ақпаратқа бірден сенбей, оның дереккөзін тексеруге, басқа сенімді басылымдарда жарияланған-жарияланбағанын анықтауға кеңес береді.
Зерттеу АҚШ-тағы қатысушылардың деректеріне негізделгендіктен, оның нәтижелерін барлық елдің тұрғындарына бірдей қолдануға болмайды. Дегенмен ғалымдардың тұжырымдары фейк ақпаратқа қарсы күресте тек білім деңгейіне емес, адамның ақпаратты қалай қабылдайтынына да назар аудару маңызды екенін көрсетеді.


