Шекарадан өтпекші болған: ҰҚК жалған құжат жасаған шетел азаматтарының жолын кесті

Фото: gov.kz
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өткізу пункттерінде жалған және бөгде құжаттарды пайдаланатын адамдардың ел аумағына кіруіне жол бермеу бойынша тұрақты жұмысты жалғастырып келеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство мәліметінше, тек 2026 жылдың қыркүйек, қазан айларында Астана және Алматы қалаларының әуежайларында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын жалған құжаттармен кесіп өтуге әрекет жасаған 19 шетел азаматын анықтаған.
«Құқық бұзушылардың басым бөлігі жалған визаларды және үшінші тұлғалардың анықтау деректері көрсетілген құжат бланкілерін пайдаланған. Аталған фактілер бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде», — делінген хабарламада.
ҚР ҰҚК жалпы, 2026 жылдың басынан бері шекаралық бақылауды жүзеге асыру барысында осындай 358 фактінің жолы кесілгенін мәлімдеді. Осы ретте, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекараны жалған және бөгде құжаттарды пайдаланып кесіп өткені үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салады.


