NoFake

Сарапшы: Сыни ойлау күнделікті тұрмыстық шешім қабылдау үшін де қажет

Фото: Depositphotos

Сыни ойлау — ақпаратты жай қабылдамай, оның дәлелін бағалап, қорытындыны сараптауға көмектесетін маңызды дағды. Бұл туралы «Критикалық ойлау негіздері» кітабының авторларының бірі Ғабит Бекахметов мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz

Адам күнделікті өмірде сан түрлі шешім қабылдайды: мамандық таңдайды, ақпаратқа сенеді, өзгелердің пікірін бағалайды. Алайда әрбір шешімнің негізінде қандай ойлау процесі жатқанын және қабылданған ақпараттың қаншалықты сенімді екенін бәрі бірдей саралай бермейді.

Сыни ойлау — жай ғана сынау емес

Ғабит Бекахметов  «сыни ойлау» ұғымын біреуді немесе бір нәрсені жағымсыз тұрғыдан сынаумен шектемеу керектігін айтады. Оның түсіндіруінше, сыни ойлау ақпаратты, пікірлерді және дәлелдерді таразылап, негізді қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

«Критикалық ойлау дегеніміз – кез-келген нақты ойға аса мән бермеуге, салмақты, толық қорытылмаған ойлар кесе-көлденеңдеп, дәлелсіз небір нәрсені негізге алмауға, жаңаша әдістемелер мен бастамаларға ашық болуды меңзейді», — дейді Ғабит Бекахметов.

Яғни сыни ойлау адамның өзіне ұнаған немесе бірден сенімді көрінген ақпаратты тексермей қабылдамауына көмектеседі. Сонымен қатар ол жаңа көзқарастарды қарастыруға, қарсы пікірлерді тыңдауға және өз ұстанымын дәлелдер арқылы бағалауға мүмкіндік береді. Авторлар сыни ойлауды адамның сенімі мен іс-әрекетіне тікелей қатысы бар дағды ретінде қарастырады.

«Критикалық ойлау – неге сеніп, не істеу керектігі жөнінде саналы ойлай білу. Бұл қабілет тек белгілі бір мамандық иелеріне ғана қажет емес, бәріне бірдей керек», — деп түсіндіреді автор.

Адам жаңалық оқығанда, әлеуметтік желідегі жазбаны көргенде, біреудің кеңесін тыңдағанда немесе маңызды шешім қабылдағанда ақпараттың негізділігін бағалауы керек.

Ғабит Бекахметовтың пайымдауынша, сыни ойлау дайын ақпаратты жаттап алумен қалыптаспайды. Ол күнделікті тәжірибе арқылы дамиды. Осыған байланысты адам өзіне бірнеше сұрақ қоя білуі қажет:

  • Мен неге сеніп, нені білдім?
  • Мен қандай жаңа нәрсе үйрендім?
  • Менің ойлау жүйем өзгерді ме? Қалай өзгерді?
  • Бұдан маған қандай пайда бар?

Мұндай сұрақтар адамның ақпаратты қалай қабылдағанын және оның көзқарасына қалай әсер еткенін бағалауға көмектеседі.

Ақпаратты қабылдау ғана емес, дәлелді бағалау маңызды

Кітапта сыни ойлаудың негізгі дағдыларының бірі ретінде өзгенің пікірін дұрыс түсіну және оның дәлелдерін бағалау аталады. Бекахметов бұл қабілет адамның тек қарсы пікірді сынауымен шектелмей, өзінің де ойын жүйелі жеткізуіне мүмкіндік беретінін түсіндіреді.

«Критикалық ойлау өзгелерді жақсы түсінуге қатысты тиімді ойлай білуге дағдыландырады», — дейді маман.

Жазушы сыни ойлау дағдыларын үш негізгі бағытқа бөледі:

  • өзгелердің түйінді пікірлері мен дәлелдерін дұрыс түсіну;
  • қарсы пікірлер мен дәлелдерді бағалау;
  • өзінің түйінді пікірлері мен дәлелдерін дайындап, қорытындылай білу.

Бұл дағдылар пікірталас кезінде де, күнделікті ақпаратпен жұмыс істегенде де маңызды. Мәселен, белгілі бір мәселе туралы екі түрлі пікір айтылса, олардың бірін бірден дұрыс деп қабылдамай, әрқайсысының қандай деректерге сүйенетінін анықтау қажет.

Сыни ойлау неге журналистерге де қажет?

Жазушы сыни ойлаудың ғалымдар, саясаткерлер, дәрігерлер мен бизнес өкілдері үшін маңызын жеке атап өтеді. Өйткені ғалымдар зерттеу нәтижелерін бағалау үшін, дәрігерлер диагноз қою үшін, ал саясаткерлер шешім қабылдау үшін дәлелдер мен деректерді саралауы керек.

Бұл қабілет журналистер үшін де маңызды. Ақпаратты жарияламас бұрын оның қайдан алынғанын, қандай деректермен расталатынын және келтірілген пікірдің фактіден айырмашылығын анықтау қажет.

«Критикалық ойлай білу – қай-қайсымыз үшін де аса бағалы, өте қажет дүние», — дейді кітап авторлары сыни ойлаудың қажеттілігі туралы былай жазады.

Демек, сыни ойлау белгілі бір сала мамандарына ғана арналған арнайы қабілет емес. Ол адамның ақпаратты түсінуіне, шешім қабылдауына және өзгенің пікірін бағалауына көмектесетін әмбебап дағды ретінде қарастырылады.

Оқу үшін