NoFake

Республика күніне «сыйақы» берілмейді: әлеуметтік желіде жалған аккаунт көбейді

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желіде Республика күніне орай мемлекеттік қызметкерлердің «сыйақысына» қатысты түрлі жазба тарап жатыр. Кейбіреуді «мұғалімдер мен дәрігерлер неге сыйақы алмайды?» деген мәселе мазаласа, енді біреулер жалған аккаунт ашып, манипуляция жасауға көшкен, деп хабарлайды Nofake.kz.

Threads желісінде көпшілік Республика күніне орай, сыйақы мәселесін көтеріп, көптеген пост жазған.

Скриншот: әлеуметтік желі

«Мемлекеттік қызметтегі адамдар, қалай ойлайсыздар, 25-іне премия беріле ме, жоқ па?», «Біз ешқашан алған емеспіз, сонда кімдер алады?», «Премия алу, алмау, әр мекемеде жеке қаралады, оны бөлім басшысы мен бухгалтер шешеді, әринеи үнемделген қаржы болса ғана, жыл аяғына дейін беріледі», — деп жазған олар.

Сыйақы кімге қалай тағайындалады: Еңбек министрлігінің түсіндірмесі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес, қызметкердің жалақысы еңбек шартында қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйелеріне сәйкес белгіленетінін, еңбекақы төлеу жүйесі еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарымен және жұмыс берушінің актілерімен айқындалатынын түсіндірді.

«Сонымен қатар, қызметкерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстың сапасын арттыруға деген ынтасын күшейту мақсатында жұмыс беруші ұжымдық шарттың талаптарында немесе жұмыс берушінің актілерінде көзделген сыйақы беру жүйелерін және еңбекті ынталандырудың басқа да нысандарын енгізе алады», — деп түсіндірді мамандар.

Сонымен, сыйақы беру дегеніміз — қызметкерлерді одан әрі жетістікке жетуге ынталандыру мақсатында төленетін ақша.

«Қызметкерлерге сыйақы беру екі түрге бөлінуі мүмкін: еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген көтермелеу ретінде ағымдағы сыйақы беру және еңбекақы төлеу жүйесінен тыс ерекше көзге түскен қызметкерлерді көтермелеу (марапаттау) ретінде біржолғы сыйақы беру», — делінген министрлік хабарламасында.

Бұдан бөлек, жұмыс берушінің еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген сыйақы белгілі бір кезеңділікпен: ай, тоқсан, жартыжылдық немесе жыл қорытындысы бойынша және басқа да мерзімдерде төленеді. Олар сыйақы беру шарттарына сәйкес еңбек қызметінің нақты көрсеткіштеріне қол жеткізгені үшін беріледі.

«Ал жұмыс берушінің еңбекақы төлеу жүйесінде көзделмеген сыйақыға мерейтойлық, мерекелік күндерге және басқа да айтулы оқиғаларға орай берілетін біржолғы сыйақы жатады. Осылайша, сыйақы беру тәртібі мен шарттары, сондай-ақ оның мөлшері ұжымдық шарттың талаптарымен және (немесе) жұмыс берушінің актілерімен (ұйым қызметкерлеріне сыйлықақы беру немесе еңбекақы төлеу туралы ережемен) айқындалады», — делінген министрлік хабарламасында.

Дәрігерлер премия ала ма: желіде осы сипаттағы пост көбейген

Threads желісінде, әсіресе дәрігерлерге қатысты жазбалар көбейген. Олардың кейбірі мерекеге орай сыйақыны алғанын жазса, енді бірін «Медициналық қызметкерлерге премия қарастырылған ба?» деген сауал мазалаған.

Скриншот: әлеуметтік желі

ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-278/2020 бұйрығы бар екеніне көз жеткіздік. Бұл — «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің қызметкерлерін көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» профильдік құжат.

  • 3-тармақ бюджет және бюджеттен тыс қаражаттың қалыптасқан үнемі, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары үшін ынталандырушы компонент есебінен көтермелеуді көздейді.
  • 4-тармақ көтермелеуге негіз болатын жағдайларды айқындайды. Оларға міндеттерін үлгілі орындау, жұмыстың жоғары сапасы, бастамашылдық және басқа да жетістіктер жатады.
  • 9–10-тармақтар қызмет нәтижелерін бағалау қорытындысы бойынша сараланған қосымша ақылар төлеу тәртібін реттейді.

Демек, Қазақстанда медицина қызметкерлеріне сыйлықақы тағайындау тетігі қарастырылған. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-278/2020 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

Мұғалімдерге сыйақы қарастырылған ба?

Желіде сондай-ақ, «Мемлекеттік мерекеге орай мұғалімдерге сыйақы қарастырылған ба?» деген жазбаны жиі кездестіруге болады.

Скриншот: әлеуметтік желі

Осыған орай, аталған тақырыпты да зерттеп көрдік. ҚР Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне сыйақы беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетінін жеткізді. Бұл ретте, министрлік ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысымен бекітілген Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен ҚР органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу қағидаларына сәйкес сыйлықақы беру қызметкерлерді материалдық ынталандыру шараларының бірі болып табылатынын атап өтті.

«Ол қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін көтермелеуге, сондай-ақ қызметкерлердің өздеріне жүктелген функциялар мен міндеттерді уақтылы әрі сапалы орындауға деген мүдделілігін арттыруға бағытталған. Бұл ретте қызметкерлерге сыйлықақы беру туралы шешімді білім беру ұйымының басшысы өз құзыреті шегінде, тиісті қаржылық мүмкіндіктер болған жағдайда, бюджет қаражатының үнемделуі есебінен қабылдайды», — делінген министрлік хабарламасында.

Яғни, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдарында педагогтерге сыйақы беру туралы шешімді ұйым басшысы қабылдайды. Сыйақы бюджет қаражаты үнемделген жағдайда және бөлінген қаражат шегінде беріледі.

«Премия түспеді, неге?»: желіде осы тақырыптағы манипулятивтік жазбалар көбейді

Әлеуметтік желіде мереке күні қарсаңында, сыйақы мәселесін көтерген қолданушылармен қатар, осы тақырыпты әдейі қозғап, ел арасында дүрбелең туғызуды көздейтін жалған аккаунттар мен боттар да көбейген.

Скриншот: әлеуметтік желі

Солардың бірі «qwertys202» атауымен тіркелген парақша иесі. Ол желіде: «Республика күніне мұғалімдерге премия берілмей ме?» деген тақырыпта жазба жариялаған. Алайда, парақша иесінде одан басқа бірде-бір пост жоқ және оның бар-жоғы 12 оқырманы бар. Демек ол жалған аккаунт болуы әбден мүмкін.

Сол сияқты тағы бір — «redaktirovat09» атты желі қолданушысының бірі «Премия мәселесін кім шешеді, медицина қызметкерлеріне? айлық аз?» деген пост жариялаған.

Скриншот: әлеуметтік желі

Алайда аталған аккаунттың да атауы түсініксіз екенін, оның суреті әрі бірде-бір оқырманы жоқ екенін анық көруге болады. Яғни, ол да манипуляцияны көздейтін бот болуы ықтимал. Себебі, жоғарыда жазғанымыздай, елімізде ұстаздарға да, дәрігерлерге де, жалпы ел азаматтарына қызметіндегі табысы, жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін сыйақы беру қарастырылған. Оларға мүлдем премия берілмейді деген — жалған ақпарат.

Түйін

Осылайша, Қазақстанда мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне сыйақы беру мүмкіндігі заңнамада қарастырылған. Алайда, Республика күні сияқты мемлекеттік мерекелерде сыйақы төлеу барша қызметкерге міндетті емес. Оның берілуі ұйымның ішкі ережелеріне, қаржылық мүмкіндігіне және жұмыс нәтижелеріне байланысты. Сондықтан «мұғалімдер мен дәрігерлерге мүлде сыйақы берілмейді» деген тұжырым шындыққа жанаспайды. Ал әлеуметтік желідегі түрлі аккаунттар таратқан ақпаратқа сенбес бұрын, олардың рас-өтірігін тексерген дұрыс. Себебі мұндай аккаунттар, азаматтарға манипуляция жасауды көздейтін боттар болуы әбден мүмкін.

Оқу үшін