NoFake

Ұлыбритания үкіметі халықты ТЖ-ға дайындап жатыр: желідегі ақпарат қаншалықты рас

Коллаж: Nofake.kz

Ұлыбритания билігі тұрғындарға үш күнге жететін су мен азық-түлік қорын дайындауға кеңес берді. Осы мәлімдемеден кейін әлеуметтік желіде елдің соғысқа дайындалып жатқаны туралы жазбалар тарады. NoFake.kz британ үкіметінің үндеуі шын мәнінде нені білдіретінін және желідегі мәлімдемелер қаншалықты рас екенін тексерді.

Үндеу әсіресе Threads желісінде қызу талқыланып жатыр.

Скриншот: әлеуметтік желі

«Ұлыбританияның қорғаныс министрі Уэс Стритинг британдықтарға су, консерві және шам (ред. фонарь) қорын жинауға шақырды. Ол үйдегі әр адамға үш литр су, бірнеше күнге жететін азық-түлік қорын, пауэрбанктер мен төлем жүйелері істемей қалған жағдайда қолма-қол ақша дайындап қоюға кеңес берді», — деп жазған желі қолданушыларының бірі.

Аталған жаңалық қаншалықты рас?

Желіде дүрбелең туғызған жаңалықтың рас-өтірігін білу үшін, аталған постқа қатысты ақпарат пен жаңалықтарды іздеп көрдік. Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Уэс Стритингтің расымен қазанның 22-сі күні BBC Newsnight бағдарламасына қатысып мәлімдеме жасаған.

Скриншот: x.com/BBCNewsnight

Уэс Стритинг:

«Елдегі тұрмыстық жағдай туралы айтатын болсақ, адамдар үйінде күнделікті қажетті заттардың қорын сақтап, кез келген жағдайға дайын болуы керек. Мысалы, күніне екі-үш литр су қажет. Сондай-ақ бірнеше күнге жететін консервілер мен пеште немесе микротолқынды пеште жылытуды қажет етпейтін азық-түлік қоры болуы керек. Егер балаларыңыз болса, олардың балалар тағамы мен басқа да қажетті өнімдерін, ауызсуын алдын ала дайындап қойған дұрыс», — деп айтқан.

Министр, одан бөлек, батареямен жұмыс істейтін шамдар мен телефонды қуаттауға арналған портативті қуаттағыш қажеттігін, егер жергілікті төлем жүйелері істен шықса, үйде қолма-қол ақша болғаны да маңызды екенін ескертеді.

«Мұның бәрі — табиғи сипаттағы күнделікті төтенше жағдайларға дайын болу үшін әрқайсымыз жасай алатын қарапайым қадамдар. Алайда, бүгін Телфордтағы кездесуде қойылған сұрақтарға жауап бергенімде айтқанымдай, елімізге зиян келтіргісі келетін және қарапайым азаматтардың өмірін бұзу арқылы өз мақсатына жетуге тырысатын мемлекеттік құрылымдар мен террористер де бар», — деген ол өз сөзінде.

Бағдарлама жүргізушісінің «Мұндай мәселелерді қазір жұртшылыққа ашық айтып отырғаныңыз нені білдіреді?» деген сұрағына министр былай деп жауап берген:

«Мұның бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Біріншіден, біз адамдарға нақты бір шабуыл болады деп қауіптенуге негіз бар дегенді айтқымыз келмейді. Үкімет аясында атқарып жатқан жұмысымыз ұлттық тұрақтылығымызды нығайтуға бағытталған. Біз Еуропадағы көршілеріміздің тәжірибесіне назар аударып, Ұлыбритания үкіметі төтенше жағдайларға дайындық жөнінде үй шаруашылықтары мен бизнеске кеңес беруде бірнеше жылға артта қалғанын түсіндік», — деп түсіндірген ол.

Ол бұл ретте, жоғарыда атап өткен түрлі дағдарыстарға, сондай-ақ бұдан да күрделі қауіптерге дайын болу туралы ұсынымдар беріп отырғанын жеткізген.

«Біз қауіпті әрі тұрақсыз әлемде өмір сүріп жатқанымызды ашық мойындауымыз керек», — деп айтқан министр.

Сондай-ақ, 2026 жылғы 22 қазанда Ұлыбритания үкіметі Be Ready («Дайын бол») атты үш жылдық ақпараттық науқанды іске қосқанын атап өткен жөн. Британ Үкіметінің ресми сайтында: «Науқанның басты мақсаты — табиғи апаттар мен басқа да төтенше жағдайлар кезінде электр қуаты, су, телефон байланысы және интернет жұмысы уақытша бұзылған жағдайда тұрғындардың дайын болуына көмектесу», — деп жазылған.

Мың күннен кейін соғысқа дайындалу керек — фейк

Десе де, Ұлыбритания Қорғаныс министрінің аталған мәлімдемесінен кейін, ақпаратты бұрмалап, желіде түрлі пікір жаудырып жатқандар жетерлік. Мысалы, олардың бірі тіпті «1000 күннен кейін соғыс болуы мүмкін екенін, оған дайындалу қажеттігін» айтқан.

«Ұлыбритания: Үкімет халыққа 72 сағатқа жететін қор жинауға, қорғаныс министрі 1000 күннен кейін болуы мүмкін соғысқа дайындалу қажеттігін айтты», — деп жазған.

Алайда, Ұлыбритания Қорғаныс министрі Уэс Стритинг мұндай мәлімдеме жасамағанын, ол тек «Англия азаматтары болуы мүмкін төтенше жағдайларға әрдайым дайын болу керектігін, «су, азық-түлік қоры туралы» сөзінде министр бұл әрекеттердің барлығы төтенше жағдай уақытындағы адамдарға қажет қарапайым қадамдар» туралы айтқанын ескертеміз. Министрдің сөзінде соғыс туралы сөз болған жоқ және британ Үкіметі Be Ready («Дайын бол») атты үш жылдық ақпараттық науқанды іске қосып, азаматтарды ТЖ-ға не істеу керектігіне үйретіп жатыр. Демек посттағы ақпарат — жалған.

Аталған мәлімдемеден кейін Англия халқы жаппай азық-түлік сатып алып жатқаны рас па?

Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Уэс Стритингтің аталған мәлімдемесінен кейін, желіде «ағылшын халқы жаппай азық-түлік сатып алып жатыр» деген жазбалар да көп тараған.

The Guardian басылымында, 24-ші қазанда жарияланған мақаласында азық-түлік, су, дәрі-дәрмек пен қажетті құрал-жабдықтарды біртіндеп сатып алып, қор жинап жүрген бірнеше тұрғын туралы хабарланады.

Скриншот: www.theguardian.com

Алайда бұл бүкіл халықты қамтитын сауалнама емес және Ұлыбритания тұрғындарының жаппай азық-түлік сатып алып жатқанын дәлелдемейтінін еске салу керек.

Бұрмаланған ақпарат адамдарға қалай манипуляция жасайды?

Скрин әлеуметтік желіден.

Түйін

Ұлыбритания үкіметі тұрғындарды үш күнге жететін азық-түлік пен су қорын дайындауға шақырғаны рас. Бұл – табиғи апаттар, кибершабуылдар және маңызды инфрақұрылым жұмысының бұзылуы сияқты төтенше жағдайларға дайындықты күшейтуге бағытталған мемлекеттік науқан.

Сонымен қатар Ұлыбританияның қорғаныс министрі Уэс Стритинг елдің алдағы жылдары ықтимал әскери қауіптерге дайын болуы қажеттігін мәлімдеген. Алайда оның 1000 күн туралы ескертуі сол мерзім аяқталған соң соғыс міндетті түрде басталады дегенді білдірмейді. Демек, әлеуметтік желідегі мәлімдемелердің нақты деректерге негізделген тұстары бар. Бірақ оларды Ұлыбританияда соғыс басталатыны туралы ресми хабарлама ретінде тарату – ақпаратты бұрмалау.

Оқу үшін