АҚШ-та ФБР сайлау кезінде 20 мың жалған бюллетень тапқаны рас па

Фото: politifact.com
АҚШ-тағы аралық сайлау кезінде әлеуметтік желілерде Федералдық тергеу бюросы (ФБР) демократтарға берілген 20 мыңнан астам жалған бюллетеньді тәркіледі деген ақпарат тарады. Алайда ФБР бұл мәлімдемені жоққа шығарды. Желіде дәлел ретінде жарияланған фотосуреттердің де аталған оқиғаға қатысы жоқ екені анықталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
2026 жылғы 3 қарашада АҚШ-та Конгрестің аралық сайлауы өтті. Дәл осы күні X және Facebook әлеуметтік желілерінде ФБР Техас штатының Хьюстон қаласындағы қоймаға рейд жүргізіп, 20 мыңнан астам жалған бюллетень тапқаны туралы жазбалар тарай бастады.

Жарияланым авторы бюллетеньдердің барлығы Демократиялық партия кандидаттарының пайдасына толтырылғанын мәлімдеген. Сондай-ақ бұл сайлау нәтижелерін өзгертуге бағытталған ұйымдасқан әрекет болуы мүмкін деген болжам айтылған.
Ақпаратқа дәлел ретінде ФБР көлігі, қойма ғимараты және сайлау бюллетеньдері бейнеленген үш фотосурет ұсынылған.
ФБР не дейді?
Аталған ақпаратты америкалық PolitiFact фактчекинг ұйымы тексерді. Журналистер ФБР мен жергілікті сайлау органдарына хабарласқан. Федералдық тергеу бюросының баспасөз қызметі 2 қарашада Хьюстонда сайлауға қатысты ешқандай рейд жүргізілмегенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат жалған. Сайлауға қатысты ешқандай операция жүргізілген жоқ», – делінген ФБР мәлімдемесінде.
Харрис округінің сайлау құжаттарына жауапты қызметкері Тенешия Хадспет те бұл ақпаратты жоққа шығарған.
«Әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп мәлімдеді ол.
Фотосуреттер қайдан алынған?
Фактчекерлер жарияланымға тіркелген үш фотосуретті де тексерген. Бірінші суретте ФБР көлігі көрсетілген. Алайда ол Хьюстонда емес, Джорджия штатында 2026 жылғы қаңтарда жүргізілген тергеу әрекеті кезінде түсірілген. Көліктің өзінде «FBI Atlanta» деген жазу бар.

Екінші фотосуретте Хьюстондағы қойма ғимараты бейнеленген. Бірақ бұл сурет қоймаларды жалға беретін Public Storage компаниясының сайтынан алынған. Онда ФБР рейді жүргізілгенін растайтын ешқандай дерек жоқ.
Ал үшінші фотосуретте Сан-Франциско қаласында 2026 жылғы қазанда ресми сайлау жәшігінен жиналған бюллетеньдер көрсетілген. Олардың Хьюстондағы болжамды оқиғаға қатысы жоқ.
Бұл мәліметтерді Associated Press агенттігі мен Lead Stories фактчекинг жобасы да растады.
Lead Stories мәліметінше, жалған хабарламаны алғаш таратқан аккаунт бұған дейін де ойдан шығарылған оқиғаларды жариялаған. Оның Facebook парақшасында өзін комик ретінде таныстырғаны көрсетілген.
Осылайша, ФБР Хьюстондағы қоймадан демократтарға берілген 20 мың жалған бюллетень тапты деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Тергеу бюросы мұндай операцияның болмағанын ресми растады, ал жарияланымдағы фотосуреттер басқа оқиғалардан алынған.


