NoFake

Депозиттерге 5% салық салына ма: министрлік түсініктеме берді

Депозиттерге 5% салық салына ма: министрлік түсініктеме берді

Фото: Gov.kz

Әлеуметтік желіде банктегі депозиттерге 5% салық енгізілетіні туралы ақпарат тарады. Желі қолданушылары жинақтарына алаңдаушылық білдіріп, қаражатын шешіп алуды ойластыра бастаған. NoFake.kz аталған ақпараттың рас-өтірігін Ұлттық экономика министрлігінен сұрады.

Желіде не айтылып жатыр?

Threads әлеуметтік желісінде депозиттегі ақшаға салық салынатыны туралы жазба қызу талқыланып жатыр.

«Депозитте ақшасы барлар, не істеп жатырсыздар? Сыбыс тарап жатыр ғой. Рас па? Депозитте соқыр тиыным жоқ, бірақ не болар екен?! Алла ақырын берсін», – деп жазған желі қолданушыларының бірі.

Жазба астында пікір қалдырғандардың көзқарасы әртүрлі. Бірі ақпаратқа сенбейтінін айтса, енді бірі жинаған ақшасын шешіп алуды ойлаған.

«Өтірік болса да соны естіп, депозиттегі ақшам жоқ боп көтере деп, кеше квартира алып алайын деп, риэлтор брокерге барып, сөйлесіп қойдық. Енді 15 күнде үй тауып берсе тезірек», – деп жазған пікір білдірушілердің бірі.

Дегенмен пікірлер арасында «Фейк әңгіме ғой» деп ақпараттың шынайылығына күмән келтіргендер де бар.

Министрлік не дейді?

Ұлттық экономика министрлігі аталған ақпаратқа қатысты ресми пікір білдірді. Ведомство депозиттер бойынша сыйақыға 5% салық енгізілетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 430-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға банктердегі салымдары (депозиттері) бойынша төленетін сыйақыларға жеке табыс салығы салынбайды», – делінген министрліктің ресми жауабында.

Сондай-ақ ведомство Үкіметтің мұндай салық енгізу мәселесін қарастырып жатпағанын мәлімдеді.

«ҚР Үкіметі бұл норманың күшін жою және депозиттер бойынша сыйақыларға салық енгізу мәселесін қарастырып жатқан жоқ», – деп нақтылады министрлік.

Демек, банктік депозиттер бойынша сыйақыға 5% салық енгізілетіні туралы әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.

Оқу үшін