NoFake

100 мобильдік аударым үшін салықты тек жеке кәсіпкерлер төлей ме

100 мобильдік аударым үшін салықты тек жеке кәсіпкерлер төлей ме

Фото: magnific.com

Әлеуметтік желіде мобильдік аударым үшін жаппай салық салынып жатқаны туралы жазбалар көбейді. Мұндай посттардағы ақпарат қаншалықты рас? Nofake.kz зерттеп көрді.

Әлеуметтік желідегі жазбаларда не айтылған?

Threads желісінің қолданушылары «Мобильді аударымдар үшін салық төлеу туралы хат бәріне келе ме?», «Қай уақыттан бастап қарайды?», «Кімдер төлейді?», деген жазбаларымен бөлісіп жатыр.

Скриншот: әлеуметтік желі

Желі қолданушының бірі 100 мобильдік аударым үшін 1 348 000 салық келгенін жазған. Айтуынша, хабарламада мобильдік аударымның жалпы сомасы 59 млн теңгеден асқаны хабарланған.

Скриншот: әлеуметтік желі

«Сөйтіп, күйеуім, әпкелерім, балаларымнан түскен аударымдарды қолмен есептеп, алып тастап, жалпы 14 млн шегеріп, 45 млн-нан 3% салық төледік. Каспий голдқа перевод алмаңыздар», — деп жазылған постта.

Қазақстанда расымен, қолданыстағы Заң бойынша 100 немесе одан да көп адамнан ақша түссе және осы уақыт аралығындағы барлық аударымның сомасы 1 миллион 20 мың теңгеден асса, банк бұл мәліметтерді салық органдарына жолдай алады.

Жазба авторының жағдайына келсек, туыстарынан түскен 14 млн теңгені шегерген күннің өзінде, оның шотына түскен сома 45 млн теңгеден асып кеткен. Сондықтан оның деректерін банк салық органдарына жолдап, ол салық төлеуге міндеттелген. Яғни, аталған жазбадағы ақпарат жалған емес.

Салық органдары шотыңызға кемінде 100 түрлі адамнан ақша түскенде және жалпы сомасы белгіленген шектен асқанда ғана хабарлама жібереді. Осы екі талаптың біреуі орындалмаса, аударымдар аталған критерийлер бойынша бақылауға алынбайды.

ЖК иелері белгіленген мөлшерден артық табыс тапса, салық төлеуге міндеттеле ме?

Threads қолданушылары 100 мобильдік аударымнан артық аударым түсіп, оның сомасы заңда белгіленген шектен асу қағидасы тек «ЖК» иелеріне қатысты деген бұрмаланған ақпарат таратқан.

Скриншот: әлеуметтік желі

ҚР Кірістер комитетінің ресми сайтында бұған қатысты нақты ақпарат берілген. Онда:

«Белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін барлық жеке тұлғаның мобильді аударымдары туралы мәліметтер олардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан салық органдарына беріледі. Себебі бақылау кезінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банк шотына түскен ақша қаражаты ескеріледі», — деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Жаңа бұйрық бойынша не өзгереді?

Қазақстанда мобильдік аударымдардың жалпы сомасына қатысты жаңа бұйрыққа қол қойылды. Оған қатысты өзгерістерді білу үшін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне хабарластық. МКК Жұртшылықпен байланыс хатшылық басқармасының сарапшысы Ұлдана Сүлеймен аталған бұйрық бойынша не өзгеретінін түсіндірді.

«2026 жылғы 23 қазанда ҚР Қаржы министрлігінің №718 бұйрығы қабылданды. Аталған бұйрыққа сәйкес, жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметтен түскен табысын анықтау өлшемшартына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, бұрын қолданыста болған ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 360-тық (1 550 мың теңге) еселенген мөлшеріне ауыстырылды. Бұл өзгеріс ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 35 бабына сәйкестендіру мақсатында енгізілді», — деді маман.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 8-ші қарашадан бастап күшіне енеді.

Түйін

Осылайша, мобильді аударымдарға қатысты бақылау жеке кәсіпкерлерге ғана емес, белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін барлық жеке тұлғаға қолданылады. Алайда банк картасына түрлі шоттан ақша түссе немесе аударым сомасы белгіленген шектен асып кетсе, азамат автоматты түрде салық төлеуге міндетті дегенді білдірмейді. Салық органдары алдымен қаражаттың кәсіпкерлік қызметтен түскен табысқа қатысы бар-жоғын анықтауы тиіс. Ал жаңа бұйрық мобильді аударымдарды бақылау тәртібіндегі негізгі ақшалай шекті өзгертеді: бұрынғы 12 ең төменгі жалақының орнына 360 айлық есептік көрсеткіш қолданылады. Бұл өзгеріс 2026 жылғы 8 қарашадан бастап күшіне енеді.

Оқу үшін