NoFake

Шілдеде мерзімді әскери қызметке шақыру жүргізіле ме

Фото: NoFake.kz

Қазақстан Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде тараған 2026 жылдың шілде айында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жүргізіледі деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Скрин әлеуметтік желіден

Министрліктің түсіндіруінше, биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны толық аяқталған.

«2026 жылғы шілде айында Қазақстан Республикасында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жүргізілетіні туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Көктемгі шақыру науқаны аяқталды. Оның аясында Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылды», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет және заңнамада белгіленген мерзімде өткізіледі. Көктемгі науқан 1 наурыз бен 30 маусым аралығында өтсе, күзгі шақыру 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

«Шақыру науқаны заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүргізіледі және Қарулы күштердің жасақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз», – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін болашақ әскерге шақырылушылар нені білуі қажет және студенттерді күштеп әскерге әкетуге бола ма деген мәселелерді жазған едік.

Оқу үшін