Трейдингтен табыс уәде еткен: тараздық 2 миллионға жуық теңгесінен қалай айырылды

Фото: Polisia.kz
Тараздың 28 жастағы тұрғыны трейдингке ақша салып, жоғары табыс табуға болатыны туралы ұсынысқа сенген. Ол банктен несие рәсімдеп, қаражатты өзін инвестор ретінде таныстырған адамға аударған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұсыныс жасаған адам — Алматы қаласының 24 жастағы тұрғыны. Алайда жәбірленуші уәде етілген пайдаға қол жеткізе алмай, салған ақшасын да қайтара алмаған.
«Нәтижесінде келтірілген материалдық шығын көлемі 1,9 миллион теңгені құрады», – делінген ІІМ хабарламасында.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктіні Ақтөбе қаласының полиция қызметкерлері алаяқтықтың 29 дерегіне қатысты тергеу барысында ұстаған.
«Полиция азаматтарды оңай табысқа кенелуге уәде беретін ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және күмәнді инвестициялық ұсыныстар үшін несие рәсімдемеуге шақырады», – деп ескертті ведомство.
Қазір оның өзге де қылмыстық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.


