Мұғалім оқушының телефонын алып қоюға құқылы ма

Фото: dknews.kz
Мектепте сабақ кезінде телефон пайдалануға шектеу қойылған. Бірақ бұл мұғалімге оқушының телефонын күштеп алып қоюға құқық бере ме? NoFake.kz Оқу-ағарту министрлігінің жауабы мен заңнамаға сүйеніп, телефон пайдалану және оны уақытша сақтау тәртібін түсіндіреді.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі редакция сауалына берген жауабында сабақ кезінде телефон қолдануға қатысты талапты түсіндірді.
«Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңының 47-бабының 10-1-тармағына сәйкес, оқу мақсаттарында қысқа мерзімді оқу жоспарларында көзделген жағдайларды қоспағанда, орта білім беру ұйымдарында білім алушылардың оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануына жол берілмейді», – деді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 24 қыркүйектегі №282-НҚ бұйрықпен бекітілген қағидаларға сәйкес, оқушы сабақ басталғанға дейін телефонды дыбыссыз режимге ауыстыруға немесе өшіруге міндетті.
«Аталған Қағидалардың 4-тармағына сәйкес, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндік болған жағдайда білім беру ұйымы ұялы телефондарды орналастыру үшін арнайы жабдықталған орындарды айқындауға құқылы. Мұндай орындарды пайдалану тәртібі және телефондардың сақталуын қамтамасыз ету шаралары білім беру ұйымының ішкі тәртіп қағидаларымен реттеледі», – деп түсіндірді министрлік.
Сабақ кезінде телефонды қашан пайдалануға болады?
Министр бекіткен арнайы қағидалардың 3-тармағында оқу процесі кезінде телефон пайдалануға рұқсат берілетін үш жағдай көрсетілген:
- педагогтің нұсқауымен оқу тапсырмасын орындау үшін;
- оқушының немесе өзге адамдардың өміріне не денсаулығына қауіп төнгенде;
- оқушының денсаулық жағдайына байланысты қажет болғанда.
Қалған жағдайда сабақ кезінде телефон пайдаланылмайды. Дыбыссыз режимге ауыстырғанда дыбыстық сигналдармен бірге діріл де өшірілуге тиіс.
Телефонды сақтауға тапсыру мен күштеп алып қоюдың айырмасы қандай?
Қағидалар мектепке телефондарды орналастыруға арналған арнайы орындар белгілеуге мүмкіндік береді. Алайда бұл әр мұғалім оқушының телефонын өз қалауынша алып, қалаған мерзіміне дейін ұстай алады дегенді білдірмейді. Арнайы орындарды пайдалану және телефондардың сақталуын қамтамасыз ету тәртібі мектептің ішкі тәртіп қағидаларында көрсетілуге тиіс. Білім беру ұйымы бұл талаптарды оқушылар мен олардың ата-аналарына немесе өзге заңды өкілдеріне жеткізуге міндетті.
Телефон пайдалануды шектейтін нормаларда мұғалімге құрылғыны күштеп тартып алуға немесе белгісіз мерзімге қайтармай ұстауға тікелей өкілеттік берілмеген. Сондықтан телефонды уақытша сақтауға тапсыруға қатысты нақты жағдайды бағалағанда мектептің ішкі тәртібін де ескеру қажет.
Сонымен қатар Конституцияның 29-бабында азаматтардың заңды түрде алған мүлкіне жеке меншік құқығы бар екені және бұл құқыққа заңмен кепілдік берілетіні бекітілген. Дегенмен телефонды белгіленген тәртіппен уақытша сақтауға тапсыруды меншік құқығынан айырумен теңестіруге болмайды.
Мұғалім телефонның ішіндегі ақпаратты тексере ала ма?
Телефонды уақытша сақтау оның ішіндегі жеке ақпаратты қарауға құқық бермейді. Конституцияның 21-бабы жеке өмірге қол сұғылмау құқығын, дербес деректердің қорғалуын және хат-хабар құпиясын бекітеді. Бұл құқықтарды шектеуге заңда белгіленген жағдайда және тәртіппен ғана жол беріледі. Демек, оқушының сабақта телефон пайдалану талабын бұзуы мұғалімге оның жеке хаттарын, фотосуреттерін немесе өзге жеке мәліметтерін өз бетінше тексеруге негіз болмайды.
Ата-ана баласымен шұғыл қалай байланысады?
Қағидалардың 9-тармағына сәйкес, мектептің ішкі тәртібінде оқу процесі кезінде ата-ана мен оқушы арасында шұғыл ақпарат алмасу жолы белгіленуге тиіс. Оның ішінде осы мақсатта пайдаланылатын мектептің байланыс нөмірі де көрсетіледі. Мектеп бұл нөмір мен шұғыл хабар жеткізу тәртібін ата-аналарға және оқушыларға хабарлауға міндетті.
Осылайша, мұғалім оқушыдан сабақ кезінде телефон пайдалануды тоқтатуды талап ете алады. Ал телефонды арнайы орынға орналастыру мектептің бекітілген ішкі тәртібімен реттеледі. Бұл тәртіп құрылғыны күштеп алып қоюға немесе оның ішіндегі жеке ақпаратты тексеруге жалпы рұқсат бермейді.


