NoFake

17 қараша әлемде не болады: жаһандық апат туралы қауесеттерді тексердік

17 қараша әлемде не болады: жаһандық апат туралы қауесеттерді тексердік

Иллюстрация: NoFake.kz

Әлемде жаппай жарық өшеді, кибершабуыл жасалады, банк шоттарындағы ақша жойылады: 2026 жылғы 17 қарашаға қатысты қауесеттер мен қастандық теориялары неге көбейіп кетті? NoFake.kz редакциясы кең тараған мәлімдемелерді талдап, олардың қаншалықты негізді екенін қарастырды.

17 қараша қарсаңында әлеуметтік желілерде жаһандық апат болатыны туралы ескертулер таралып жатыр. Интернеттің өшуі мен банк шоттарындағы ақшаның жойылуы туралы хабарламаларға енді «Симпсондар» мультсериалының «болжамдары», үкіметтердің құпия ескертулері және COVID-19 пандемиясының басталуымен байланысты даталар сәйкестігі қосылған.

Кибершабуыл туралы ақпаратты даркнеттен алған

Жаһандық кибершабуыл туралы ақпарат таратқандардың бірі — X әлеуметтік желісіндегі Wesley (@wesleysimplic) есімді қолданушы. Ол 2026 жылғы 1 қарашадағы жазбасында интернеттің өшірілетіні туралы мәліметті даркнеттен алғанын мәлімдеген.

«Тікелей даркнеттен. Мен бұл ақпаратты расталмаған дереккөзден алдым», — деп жазған автор. Бұл — оның португал тіліндегі хабарламасының аудармасы.

Оның нұсқасы бойынша, 17 қарашада хакерлер ірі банктердің жүйелерін бұзып, пайдаланушылардың шоттарындағы ақшаны жояды және бүкіл әлемде интернетті үш айға өшіреді-мыс.

Осыған ұқсас ескерту X желісінде 31 қазанда да жарияланған. Shibo (@GodsBurnt) есімді қолданушы аты-жөні белгісіз адаммен сөйлескеніне сүйеніп, алда жаппай жарық өшетінін хабарлаған.

Скриншоты постов

Жазбалардың скрині.

Екі хабарламада да тексеруге болатын дәлел жоқ. Авторлар белгісіз адамдардың сөзіне сүйенгенімен, болжамды шабуылдың техникалық жай-жапсарын түсіндірмеген және мәлімдемелерін растайтын деректер ұсынбаған.

«Симпсондар» жаппай жарық өшетінін болжаған ба?

Әлеуметтік желілерде америкалық «Симпсондар» мультсериалының авторлары 2026 жылғы 17 қарашада бүкіл әлемде электр қуаты өшетінін болжаған деген видеолар таралып жатыр.

Дәлел ретінде 2023 жылғы 19 қарашада алғаш көрсетілген It’s a Blunderful Life эпизодын келтіреді.

Шын мәнінде, бұл бөлімде ойдан шығарылған Спрингфилд қаласында жарық өшкені баяндалады. Оқиға желісі бойынша тұрғындар бұған Гомер Симпсонды кінәлайды. Эпизодта жаһандық кибершабуыл, банк шоттарындағы ақшаның жойылуы немесе интернеттің үш айға өшуі туралы айтылмайды.

Яғни мультсериалдағы оқиғаны нақты өмірде болатын апаттың болжамы ретінде көрсетіп отыр. Алайда онда 2026 жылғы 17 қарашада жаһандық апат болатынын білдіретін дерек жоқ.

17 елдің үкіметі апат туралы ескертті ме?

Тағы бір мәлімдемеде 17 елдің үкіметі мен Еуроодақ бір мезгілде қауіп туралы ескерткені айтылады. Жазба авторлары билік алдағы апатты алдын ала білетіндіктен, тұрғындарға су, азық-түлік пен қолма-қол ақша қорын жинауға кеңес беріп жатыр деп сендіреді.

Мұндай ұсынымдар бар, бірақ олар нақты бір күнге байланысты берілмеген.

Мәселен, 2025 жылғы наурызда Еуропалық комиссия дағдарыс жағдайларына дайындықты арттыру стратегиясын таныстырды. Оның бір қағидаты — тұрғындарда кемінде 72 сағатқа жететін ең қажетті заттардың қоры болуы.

Норвегияда төтенше жағдайларға өз бетінше дайындалу жөніндегі ұсынымдар 2024 жылы жаңартылған. Азаматтарға қажетті заттардың бір аптаға жететін қорын ұстау ұсынылады.

Бұл шаралар табиғи апаттар, электр қуатының үзілуі және өзге де дағдарыстарға арналған. Оларды 17 қарашада бүкіл әлемде жарық өшетініне дайындықтың дәлелі ретінде көрсету дұрыс емес.

Қазақстанның ресми ведомстволары да алда жаһандық кибершабуыл болатыны туралы хабарламаларды растаған жоқ.

ТЖМ жауабында ведомствоның 17 қарашада интернет өшетіні туралы ескерту таратпағаны және осы күнге байланысты азаматтарды шұғыл түрде азық-түлік, су немесе дәрі-дәрмек қорын жинауға шақырмағаны айтылған.

АҚШ-та байланыс жаппай өшірілуі мүмкін бе?

Қастандық теорияларын қолдаушылар болжамды апатты АҚШ-та 17 қарашаға жоспарланған төтенше жағдай туралы құлақтандыру жүйесінің сынағымен байланыстырады.

Иллюстрация: NoFake.kz

АҚШ-тың Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі федералдық агенттігі (FEMA) мен Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) жүйені сынақтан өткізу туралы хабарлаған.

Алайда бұл — интернетті өшіруге дайындық емес, теледидар мен радио арқылы шұғыл хабар тарату жүйесін жоспарлы тексеру.

Сынақтың өткізілуі жаһандық кибершабуыл қаупі барын немесе банк жүйелерінде жаппай ақау болатынын дәлелдемейді.

17 қарашаны коронавируспен неге байланыстырады?

Тағы бір нұсқа даталардың сәйкестігіне негізделген. Қастандық туралы жазбаларда 2026 жылғы 17 қарашаны коронавирус жұқтырудың болжамды алғашқы жағдайымен байланыстырады. Ол күтіліп отырған «цифрлық апаттан» тура жеті жыл бұрын тіркелген-мыс. Бұл мәлімдеменің тарихи негізі бар.

2020 жылғы 13 наурызда Гонконгтің SCMP басылымы Қытай үкіметінің жарияланбаған құжаттарына сүйеніп, оларда көрсетілген ең ерте COVID-19 жағдайы 2019 жылғы 17 қарашаға тиесілі екенін хабарлады. Науқас Хубэй провинциясының 55 жастағы тұрғыны болуы мүмкін деген болжам айтылған.

Бірақ бұл вирусты алғаш жұқтыру дәл сол күні болды дегенді білдірмейді. «Нөлінші науқастың» кім екені әлі белгісіз, ал вирус одан ертерек тарала бастауы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хронологиясына сәйкес, Қытай билігі 2019 жылғы 31 желтоқсанда Уханьда себебі белгісіз пневмония жағдайлары тіркелгенін хабарлаған. Кейін ауру COVID-19 деп аталды. Демек, 17 қараша пандемияның алғашқы кезеңі туралы деректерде кездеседі. Алайда бұл датаның 2026 жылғы болжамды блэкаутпен сәйкес келуі екі оқиғаның арасында байланыс барын дәлелдемейді.

Шын мәнінде не белгілі?

Қазіргі уақытта 17 қарашада интернеттің бүкіл әлемде өшетініне, банк шоттарындағы ақшаның жойылатынына немесе электр қуатының жаппай үзілуіне дайындық жүріп жатқанын растайтын сенімді дәлел жоқ.

«Цифрлық ақырзаман» туралы әңгіме қастандық теорияларының қалай қалыптасып, таралатынын көрсетеді. Нақты оқиғалар, мұрағаттағы жарияланымдар, мемлекеттік органдардың ұсынымдары мен мультсериал сюжеттері бір апаттың сценарийіне біріктірілген. Әрбір жаңа сәйкестік қосымша дәлел ретінде ұсынылады. Алайда олардың ешқайсысы бастапқы ескертудің рас екенін растамайды.

Оқу үшін