Елде сұйытылған газ бағасы қымбаттай ма — Министрлік жауап берді

Скрин видеодан
Елімізде жанар-жағармай тапшылығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, сондай-ақ жақын арада сұйытылған мұнай газының бағасын көтеру жоспарланып отырған жоқ, деп хабарлайды NoFake.kz
Бұл туралы бірлескен Үкімет отырысынан кейінгі өткен брифинг барысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.
Ішкі нарықтағы тұрақтылық пен шектеулер
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің жанар-жағармай балансы толықтай бақылауда және отандық мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жағдайды реттеу үшін арнайы ережелер де енгізілген.
«Энергетика министрлігі ұлттық компаниялармен қоса ішкі жанар-жағармай балансын, қорын қалыптастырдық. Ол халықты тұрақты қамтамасыз етуге жағдай жасап отыр», — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Тапшылық туралы қауесет және заңсыздықтың алдын алу
Ведомство басшылығы азаматтарды әлеуметтік желілер мен түрлі платформаларда тарап жатқан алыпқашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды. Қазіргі уақытта жанар-жағармайдың сыртқа заңсыз асып кетуін қадағалайтын құзырлы органдар жұмысты күшейткен.
«Сонымен қатар біздің отандық мұнай өндіру зауыты штаттық түрде жұмыс жасауда. Айтып отырмын, бізде жанар-жағармай баланстары қалыптастырылған. Сондықтан қазіргі таңда біздің шығанақта қандай да бір жанар-жағармай дефициті болады деген сөз — ол шындық емес. Сол себепті тек қана ресми ақпаратқа жүгінуді сұраймыз.
Бақылаусыз кету бойынша біздің сәйкес органдар жұмыс істеуде. Бұл фактор анықталған жағдайда сәйкес шаралар қабылдануда. Біз қазір жанар-жағармайдың заңсыз кетуі бойынша жұмысты күшейте түсіп, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеудеміз», — деп толықтырды вице-министр.
Сұйытылған газ бағасы өсе ме?
Қоғамда үлкен талқылау тудырған сұйытылған газдың құнына қатысты сұраққа да жауап айтылды. Сұйытылған мұнай газының бағасы қымбаттайды деген қауесет ресми түрде теріске шығарылды.
«Осы сұраққа Энергетика министрлігі атынан ресми жауап бергім келіп отыр. Қазіргі таңда жақын арада сұйытылған мұнай газы бағасының өсуі туралы ақпарат — жалған», — деп жауап берді Қайырхан Тұтқышбаев.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Ресей азаматтары Қазақстаннан арзан бағада жанармай тасып жатқаны туралы видеолар тараған болатын. Аталған жағдайдан кейін халық арасында елде жанар-жағармай тапшылығы орын алуы мүмкін деген қауесеттер тарады. Энергетика министрлігінен бөлек, Үкімет аталған жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жазған едік.


