NoFake

Үкімет жанармай тапшылығы қаупі туралы ақпаратты жоққа шығарды

Фото: primeminister.kz

Қазақстанда ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті көлемде жанар-жағармай қоры бар. Ал заңсыз жанармай шығаруға жол бермеу үшін шекарадағы бақылау күшейтіліп, тас жолдар тәулік бойы патрульденіп, бензин тасымалдайтын көліктер тексеріліп жатыр.

Әлеуметтік желілерде Қазақстаннан Ресейге жанармай жеткізілуі мүмкін деген ақпарат кеңінен талқыланып, тұрғындар елдегі жанармай қоры жеткілікті ме деген сұрақ қоя бастады. Осыған байланысты ҚР Үкіметі ішкі нарықтағы жағдай тұрақты екенін мәлімдеді.

«Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары жоспарлы режимде жұмыс істеп тұр. Елдегі бензин, дизель отыны және авиациялық отын қоры ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Энергетика министрлігі жанар-жағармай өндірісі мен жеткізілуін тұрақты бақылауда ұстап отыр», – делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ Үкімет заңсыз жанармай тасымалына қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы да мәлімет берді. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, жыл басынан бері автомобиль өткізу бекеттерінде жалпы көлемі 40 мың литрден асатын жанармайды заңсыз алып өтудің 593 әрекетінің жолы кесілген.

Шекара маңындағы аумақтарда бақылау одан әрі күшейтілген. Қосымша қызметкерлер тартылып, тереңдетілген тексерулер жүргізілуде. Бұған қоса, мобильді топтар тәулік бойы шекаралас тас жолдарды патрульдеп, тәуекелдерді басқару жүйесі аясында автоцистерналар мен жанармай тасымалдайтын көліктерді тексеріп жатыр.

«Соңғы екі тәулікте өткізу бекеттерінде қосымша бактар мен канистрлерде 3 тоннадан астам жанар-жағармайды алып шығудың 61 әрекеті тоқтатылды. Жанар-жағармай тасымалдауға арналған 18 арнайы көлік тексеріліп, олардың бірінен 34 тонна мұнай өнімінен сараптама үшін сынамалар алынды. Сонымен қатар қызмет көлемінің қалыптан тыс өсуі тіркелген 62 жанармай құю бекеті мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметіне Мемлекеттік кірістер органдары талдау жүргізіп жатыр», – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет мәліметінше, аталған жанармай құю бекеттері мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының қызметі қосымша тексеріледі.Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға мұнай өнімдері нарығындағы ахуалды күн сайын бақылауда ұстауды тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін аталған мәселеге қатысты Энергетика министрлігі ресми мәлімдеме берген болатын.

Оқу үшін