Қай үш автожол ақылы болады: ҚазАвтоЖол түсіндірді

Фото: NoFake.kz
Қазақстанда республикалық маңызы бар бірқатар автожол учаскелерінде ақылы жүйе кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Nofake.kz.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, 2026 жылғы 10 шілдеден бастап ақылы режим Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал және Бұрылбайтал – Құрты автожолдарында қолданысқа енгізіледі. Ал 11 шілдеден бастап Талдықорған – Өскемен бағытындағы жол да ақылы болады.
Ақылы жолдарда көлік құралдарын тіркеу мен жол жүру ақысын есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. Бақылау аркалары арқылы өткен кезде көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі тіркеледі.
Қандай жолдар ақылы болады?
Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал
Бұл учаске 10 шілдеден бастап ақылы болады.
- Ұзындығы – 645,64 шақырым;
- Рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 140 шақырымға дейін.
Абоненттік төлемді Бұқар жырау, Абай, Шет, Ақтоғай, Мойынқұм, Жамбыл аудандары мен Балқаш және Приозерск қалаларында тіркелген көлік иелері рәсімдей алады.
Бұрылбайтал – Құрты
Бұл бағытта да ақылы режим 10 шілдеден енгізіледі.
- Ұзындығы – 80 шақырым;
- Рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 140 шақырымға дейін.
Абоненттік төлем Жамбыл және Іле аудандарында тіркелген көлік құралдарына қолжетімді.
Талдықорған – Өскемен
Бұл жол учаскесі 11 шілдеден бастап ақылы болады.
- Ұзындығы – 772,955 шақырым;
- I-б санатындағы жолда – 110 км/сағ;
- II санатындағы жолда – 100 км/сағ жылдамдыққа дейін жүруге рұқсат етіледі.
Абоненттік төлемді Ескелді, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Үржар, Аягөз, Жарма және Ұлан аудандарында тіркелген көлік иелері рәсімдей алады.
Абоненттік төлем кімдерге арналған?
Абоненттік төлем ақылы жолдарға іргелес орналасқан елді мекендерде тіркелген жергілікті автокөлік иелеріне қарастырылған. Ол бір айға немесе бір жылға рәсімделеді. Төлем мөлшері көлік құралының түрі мен жүк көтергіштігіне байланысты белгіленеді.
Абоненттік төлемді:
- kaztoll.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы;
- 1403 байланыс орталығы арқылы;
- ақы алу пункттерінде;
- клиенттерге қызмет көрсету орталықтарында рәсімдеуге болады.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге жолға шықпас бұрын ақылы учаскелер туралы ақпаратпен танысып, көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің дұрыстығын тексеруді және қажет болған жағдайда абоненттік төлемді алдын ала рәсімдеуді ұсынады.


