2025–2026 оқу жылындағы қорытынды емтихан мерзімдері бекітілді

Фото: Gov.kz
2025–2026 оқу жылында 9-сынып оқушылары қорытынды емтихандарды 29 мамыр мен 11 маусым аралығында, ал 11-сынып түлектері мемлекеттік емтихандарды 2–15 маусым аралығында тапсырады.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен 2025–2026 оқу жылындағы қорытынды аттестацияны өткізу тәртібі бекітілді.
9-сынып оқушылары міндетті пәндер бойынша төрт жазбаша емтихан тапсырады. Қорытынды емтихандар 2026 жылғы 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді.
Ал 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік емтихандар 2026 жылғы 2 маусым мен 15 маусым аралығында ұйымдастырылады. Түлектер барлығы бес емтихан тапсырады, оның бірі ауызша форматта өтеді.
Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру салтанаты 2026 жылғы 17–18 маусым аралығында білім беру ұйымдарында өтеді.
Аттестат тапсыру іс-шарасы мектеп басшысының бұйрығы негізінде, ата-аналар комитетімен келісе отырып, мектеп ғимаратында өткізіледі.


