Binom мектептері лицей мертебесінен айырылатыны рас па: Басқарма жауабы

Фото:binom.edu.kz
Оқу жылының соңында ата-аналар арасында «Binom» мектеп-лицейлерінің мәртебесі мен ондағы өзгерістер жиі талқыланып жатыр. Nofake.kz мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
Threads желісінде Астанадағы «Binom» мектептері лицей мәртебесінен айырылатыны, сондай-ақ мектеп формасы өзгеретіні көп талқыланған.

Осыған орай, Nofake.kz алдымен Астанада ең бірінші болып ашылған Қ. Сәтбаев атындағы «Binom skhool» мектеп-лицейіне хабарласты. Айтуларынша, биылғы оқу жылынан бастап, аталған мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартының талаптарына сәйкес, оның мерзімі аяқталғаннан кейін білім беру нысандары, соның ішінде мектеп ғимараттары мен оған іргелес инфрақұрылым, уәкілетті мемлекеттік орган — Білім басқармасының қарауына беріледі.
«Бұл талап шартта нақты бекітілген және МЖӘ (ред. ГЧП) тетігінің негізгі қағидатына сәйкес келеді: жеке инвестициялар есебінен салынған немесе жаңғыртылған нысандар белгіленген мерзім аяқталған соң қоғам игілігі үшін мемлекет меншігіне өтеді. Нысандарды беру барлық нормативтік талаптарды сақтай отырып, белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады және оқу процесінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі», — делінген хабарламада.
Бұл ретте, алғашқы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартының мерзімі 2026 жылғы 26 тамызда аяқталатыны белгілі болды. Осыған сәйкес, Қаныш Сәтбаев атындағы «Binom skhool» аталған мерзімге дейін Білім басқармасының қарауына беріледі. Аталған жаңалықты Астана қаласының білім басқармасы да растады.
«Қазіргі таңда Астанада мемлекеттік-жекешелік серіктестік шарты аясында 6 Bіnom мектебі жұмыс істейді. МЖС шартының талаптарына сәйкес, Binom мектебі ашылған күннен бастап 5 (бес) жыл бойы жекеменшік серіктестің меншігінде болады. Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін мектептер ашылған уақытына қарай кезең-кезеңімен мемлекеттік серіктестіктің балансына берілетін болады», — делінген хабарламада.
Сыныптарда 25 оқушыдан артық оқушы бола ма?
Естеріңізге сала кетейік, «Binom skhool» мектеп-лицейлерінде бір сыныпта 25 баладан артық оқушы қабылданбайды. Осы ретте, ата-аналар арасында «мектеп білім басқармасының қарауына берілгеннен кейін, сыныптардағы оқушы саны қарапайым мектептердегідей арта ма?» деген сауал жиі мазалайды. Қаныш Сәтбаев атындағы «Binom skhool» аталған сұрақ білім басқармасының құзыретінде екенін атап өтті.
«Алдағы уақытта нысандар білім басқармасының қарауына өткеннен кейін сыныптардың толықтырылуы, оның ішінде оқушылар саны бойынша шешімдер қолданыстағы нормативтер мен нақты микроучаскедегі жүктемеге байланысты уәкілетті орган тарапынан қабылданатын болады», — деп жазылған хабарламада.
Мектептер «лицей» мәртебесінен айырыла ма?
Одан бөлек ата-аналар арасында Binom мектептері «лицей мәртебесінен айырылады деген ақпарат тарады. Астана қаласы білім басқармасы аталған сұраққа нақты жауап берді.
«ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес әрбір білім беру ұйымына қызмет көрсету аумағы бекітілген. Аталған бұйрық негізінде мектептерге оқушыларды қабылдау жүргізілді және алдағы уақытта да осы тәртіппен жүзеге асырылатын болады. «Қ.Сәтбаев атындағы Binom School» мектеп-лицейі мемлекеттік серіктестіктің балансына берілгеннен кейін де оның мектеп-лицей мәртебесі сақталады», — деп түсіндірді басқарма мамандары.
Мектеп формасы қалай өзгереді?
Астана қаласы білім басқармасы Binom мектептерінде мектеп формасы өзгеретінін де растады.
«Binom мектебіндегі мектеп формасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген талаптарға сәйкес кезең-кезеңімен ауыстырылатын болады», — делінген басқарма хабарламасында.
Түйін
Сонымен еліміздегі «Binom Skhool» мектеп-лицейлерінің білім басқармасы қарауына өтетіні рас. Енді сыныптардағы оқушы саны министрлік бекіткен талаптарға сай өзгеріп, мектеп формасы да кезең-кезеңімен ауыстырылатын болады. Ал, білім ордасының «лицей» мәртебесі сақталып, өзгермейтіні белгілі болды.


