«Арзан үй» схемасы: Ақмола облысында ерлі-зайыптылар 7 млн теңгеден айырылды

Фото: Depositphotos
Зеренді ауданында кездейсоқ танысқан әйелге сеніп, алданып қалған жергілікті тұрғындардың арызы бойынша кезекті алаяқтық фактісі тергеліп жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz.
Жәбірленушілер елордадан пәтер аламыз деп, миллиондаған қаражатынан айырылған. Полиция мәліметінше, ағымдағы жылдың 14 мамырында аудандық полиция бөліміне жергілікті мектептің оқытушысы шағымданған. Ол Астана қаласынан жылжымайтын мүлік сатып алмақ болып, ірі көлемде ақша жоғалтқанын мәлімдеді.
Ерлі-зайыптылар мен күдіктінің таныстығы ортақ танысының жерлеу рәсімінде кездейсоқ басталған.
«Әңгіме барысында ерлі-зайыптылар елордада үй сатып алуды көптен армандағанын айтқан. Мұны естіген әйел бірден өзінің көмегін ұсынып, жылжымайтын мүлікті «өте жақсы бағамен» таңдап ұсына алатынына сендірген», — деп хабарлады ведомстводан.
Байланыс орнағаннан кейін, жаңа таныс оларды Астанаға үй көруге шақырған. Көзбен көрген баспанаға көңілі толған ерлі-зайыптылар бірден несие ресімдеп, мәмілені бекіту үшін әйелге 7 миллион теңге қолма-қол ақша берген.
Күдікті Қарағанды қаласының тұрғыны
Ақшаны қолға түсірген бойда күдікті байланысты үзіп, жауап беруді тоқтатқан. Алданғанын түсінген зардап шегушілер дереу тәртіп сақшыларына жүгінді.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Қарағанды қаласының 61 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта оның алаяқтық фактісіне қатысы тексерілуде», — деп хабарлады полиция.
Тәртіп сақшылары азаматтарды жылжымайтын мүлікпен мәміле жасау кезінде барынша қырағы болуға шақырып, бейтаныс адамдарға үлкен соманы сеніп тапсырмау керектігін ескертті. Мамандар кез-келген қаржылық операциялар тек ресми түрде жүргізілуі керектігін айтып, құжаттарды міндетті түрде тексеріп, мәмілені заңды түрде рәсімдеуге кеңес береді.


