NoFake

БЖЗҚ төменгі жеткіліктілік шегіндегі өзгерістерді түсіндірді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарының төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) есептеу әдістемесіне енгізілетін өзгерістердің себебін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қор мәліметінше, өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың болашақта жеткілікті деңгейде зейнетақы алуын қамтамасыз ету және зейнет жасына жеткіліксіз жинақпен жету қаупін азайту.

«Жаңа әдістеме болашақ зейнетақы төлемдерінің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуге және азаматтардың зейнет жасына жеткіліксіз жинақпен жету қаупін азайтуға бағытталған», – деп мәлімдеді БЖЗҚ.

БЖЗҚ мәліметінше, қазіргі қолданыстағы әдістеме бойынша азаматтар жеткіліктілік шегінен асатын қаражатты мерзімінен бұрын пайдаланған жағдайда, болашақта шамамен 50 мың теңге көлемінде ғана зейнетақы алуы мүмкін. Бұл қазіргі медиандық жалақының 15 пайызына да жетпейді.

Қор жаңа тәсіл халықаралық стандарттарды ескере отырып әзірленгенін атап өтті. Атап айтқанда, Халықаралық еңбек ұйымының талабына сәйкес, зейнетақы адамның бұрынғы табысының кемінде 40 пайызын алмастыруы қажет.

«Жаңа әдістеме бойынша ТЖШ мөлшері әрбір салымшының жасына қарай есептеледі. Есептеу кезінде демографиялық көрсеткіштер, инвестициялық кірістілік, төлемдерді индекстеу және әлеуметтік-экономикалық факторлар ескеріледі. Сонымен қатар, ТЖШ мөлшерінің өсуі тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдалануға болатын жинақ көлемінің азаюына әсер етуі мүмкін. Себебі зейнетақы шотында сақталуы тиіс ең төменгі сома көлемі ұлғаяды»,-делінген хабарламада.

Алайда БЖЗҚ қолданыстағы пайдалану тетіктері сақталатынын айтты.

«Төменгі жеткіліктілік шегіне қатысты өзгерістер азаматтардың болашақтағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықаралық стандарттарға жақындау мақсатында енгізіліп отыр», – деп түсіндірді қор.

Қор мәліметінше, азаматтар бұрынғыдай ТЖШ-дан асатын қаражатты ғана тұрғын үйге немесе емделуге пайдалана алады.

Оқу үшін