NoFake

Ақтөбеде жалған құжатпен көлік рәсімдеген топтың 2,4 млрдтық мүлкіне тыйым салынды

Фото: depositphotos

Ақтөбеде жалған құжаттар арқылы көліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топтың 2,4 миллиард теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Тергеу амалдарына сай, топ мүшелері Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында N3 санатындағы (жүк тартқыштар) және M1 санатындағы (жеңіл автокөліктер) 82 көлікті заңсыз тіркеген», — деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ құрамында тоғыз адам болған. Олардың арасында автоинспектор мен нотариус та бар. ҚМА дерегіне сәйкес, клиенттер мессенджерлер мен интернет-ресурстар арқылы табылып, оларға міндетті төлемдерсіз жүк автокөліктерін тіркеу қызметі ұсынылған.

Келісім жасалғаннан кейін ұйымдастырушы көлік туралы мәліметтерді ішкі істер органдары қызметкеріне жіберіп отырған. Кейін ұқсас техникалық сипаттамалары бар, бұрын есептен шығарылған көліктер іріктелген.

«Одан әрі топ мүшелері жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттар рәсімдеп, жалған тұлғаларды тартып, құжаттарды арнайы ХҚКО арқылы өткізіп, заңсыз тіркеуді жүзеге асырған. Бұл ретте нотариустық әрекеттер заңды иелердің нақты қатысуынсыз жүргізілген», — деп мәлімдеді агенттік.

Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 705 миллион теңгені құрады. Сот санкциясымен күдіктілердің 2,4 миллиард теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды. Бес күдікті қамауға алынып, тағы үш адамға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Оқу үшін