NoFake

Фейкті қалай танимыз — Кембридждік ғалыммен эксклюзив сұхбат

Фото: journalismfestival

Дезинформация – «вирус», ал сана – «иммунитет». Кембридж ғалымы NoFake.kz-ке берген эксклюзив сұхбатында жалған ақпаратқа қарсы тұру мен сыни ойлауды дамытудың ғылыми әдістерін ұсынды.

Джон Рузенбек (Jon Roozenbeek) – Кембридж университетінің ғалымы, дезинформация психологиясы мен фейктерге қарсы әдістерді зерттейтін ITLab зертханасының директоры. Жақында Cambridge University Press баспасынан жарыққа шыққан «The Psychology of Misinformation» (Жалған ақпарат психологиясы, Сандер ван дер Линденмен бірлесіп жазылған) және «Propaganda and Ideology in the Russian-Ukrainian War» (Ресей-Украина соғысындағы насихат пен идеология) еңбектерінің авторы.

–  Доктор Рузенбек, сіз дезинформацияға қарсы «ойлау антиденелері» туралы айтып жүрсіз. Бұл нені білдіреді?

– Ең алдымен, бұл — метафора екенін атап өту маңызды. Бұл химиялық зат сияқты ағзадан табылатын, «ойлау антиденесі» деп аталатын нәрсе емес. Бұл медицина ғылымының вакциналар арқылы нақты ауруларға қарсы антиденелер қалыптастыруына ұқсас аналогия. Идея мынада: адам дезинформациямен бетпе-бет келмес бұрын, оның бойында сендіру әрекеттеріне қарсы белгілі бір төзімділік қалыптастыруға болады. Дезинформация көбіне адамды бір нәрсеге сендіруге немесе күмән ұялатуға тырысады. Біздің міндетіміз – арнайы интервенциялар арқылы оның әсерін алдын ала төмендету. Бұл әдістер адамдарға өздерін адастыру үшін қолданылатын тәсілдерді тануға көмектеседі.

Мысалы, әңгіме белгілі бір нарративтерде жиі қолданылатын тактикалар туралы. Сендіру процесінде эмоциялардың рөлін түсіну өте пайдалы. Интервенция дезинформацияның қалайша ашу-ыза немесе қорқыныш тудыруға тырысатынын көрсетіп береді. Егер сіз бойыңызда өте күшті эмоция тудыратын контентті кезіктірсеңіз, демек бұл ақпарат толықтай сенімді емес болуы мүмкін. Оны тәуелсіз дереккөздер арқылы қосымша тексеріп алған жөн.

– Бірақ миды манипуляцияны автоматты түрде танитындай етіп жаттықтыру мүмкін бе?

– Автоматты түрде –  сірә, мүмкін емес. Бұл тым жоғары талап. Меніңше, адамдарды жиі кездесетін логикалық қателіктерді немесе риторикалық тәсілдерді тануға үйретуге болады. Бұл әбден мүмкін, өйткені адамзат бұдан әлдеқайда күрделі білімді, мысалы, кванттық механиканы меңгерді ғой.

Бірақ шектеулер бар екенін де мойындау маңызды. Бұл – оқу процесі, яғни сауаттылықтың бір түрі. Адамның үйренуге деген ниеті болуы керек. Екіншіден, адамдар ақпаратты іс жүзінде қолданбаса, уақыт өте келе ұмытып қалады. Сондықтан білімді үнемі жаңартып отыру қажет. Үйренген нәрсеңіз шынайы өмірде мезгіл-мезгіл расталып отыруы тиіс. Егер адам үйренген нәрсесінің практикалық пайдасын көрмесе, ол мұның еш мәні жоқ деп ойлауы мүмкін.

Плюралистік орта мен жабық қоғамдағы айырмашылық

– Дезинформацияға қарсы тұруға нақты қандай когнитивті процестер көмектеседі?

– Негізінен, бұл жерде қарапайым оқу процесі жүреді. Әсіресе, тәжірибе арқылы үйрену маңызды рөл ойнайды. Адамдар нақты мысалдармен кездесе отырып, дезинформация мен пропаганданың қалай жұмыс істейтінін түсіне бастайды. Адам жекелеген мысалдарды зерттей отырып, қайталанатын «паттерндерді», яғни үлгілерді байқайды. Уақыт өте келе, ол осы заңдылықтарды тану шеберлігін арттыра түседі.

Мәселе мынада: бұл тәсіл әртүрлі саяси ұстанымдар бар, мысалы, бір-бірімен пікірталасып, түрлі уәждер ұсынатын солшылдар мен оңшылдар әрекет ететін плюралистік медиаортада ғана жұмыс істейді. Мұндай жағдайда дезинформацияға алданып қалмау қабілеті мынадай сұрақты өзіңе қоя білумен байланысты: қарсы тараптың ең салмақты уәжі қандай? Бұл уәждің қарапайым нұсқасы немесе оппоненттің ұстанымына жасалған карикатура емес, олар алға тартқан шын мәніндегі ең үздік аргумент болуы тиіс. Мысалы, салықты көтеру немесе төмендету туралы ақпарат болса, сіз идеологиялық себептермен бұған келіспеуіңіз мүмкін. Бірақ екінші тараптың нақты қандай уәждер келтіретінін және олардың қаншалықты қисынды екенін түсіну маңызды. Осындай аргументтерді қарастыруға дайын болу және тек өз көзқарасыңды растайтын ақпаратты ғана іздеуге деген ұмтылысты жеңе білу – шынайы ақпаратты жалғаннан ажырату қабілетінің жоғары екенін көрсетеді.

Ал мұндай плюралистік медиаортасы жоқ елдерде бұл тәсіл қалай көрініс табады? Ол жақта жағдай бөлек болар?

– Менің академиялық мамандануым ресейлік зерттеулермен байланысты: бакалавриатта орыс тілін оқыдым, ал докторлық диссертациямды Донбасстағы соғысқа, соның ішінде Донецк пен Луганск халық республикалары деп аталатын аймақтардағы насихаттың  рөліне арнадым.

Сондықтан нақты мысал келтіре аламын. 2015 жылы, Еуромайданнан кейін бірден Донецкте тұрған, бұл аумақ өзін-өзі жариялаған республикалардың бақылауында болған кездегі адамды елестетейік. Ол қандай ақпарат көздеріне сүйенуі керек еді? Бұл сұрақтың жауабы айқын емес. Ол Telegram-каналдарға сенуі керек пе, жоқ әлде жергілікті телевизияға ма? Әлде осы аумаққа хабар таратуға тырысқан украиналық телеарналарға сенім артқаны жөн бе? Кімнің шындықты айтып тұрғанын түсіну өте қиын болды.

Мұндай жағдайда: «Мүмкін, кез келген ұйымдасқан медиа-дереккөздерден қарағанда, өзіңіз жеке танитын адамдардан алынған ақпарат сенімдірек болар» деген кеңес қисынды көрінуі мүмкін. Себебі мұндай жағдайларда баспасөз бостандығына немесе тәуелсіз ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігіне сенуге болмайды.

–  Медиасауаттылыққа үйрету фейктерге алдануды шынымен төмендететініне ғылыми дәлелдер бар ма?

– Зертханалық зерттеулерде алынған деректер жеткілікті. Бір топқа медиасауаттылық бойынша білім беріліп, екінші бақылау тобымен салыстырылғанда, нәтижелер көңіл көншітерлік. Алайда, бұдан да күрделі мәселе – мұндай шаралар шынайы өмірде қаншалықты тиімді? Жекелеген қысқа шараларды қалайша кең ауқымды білім беру бағдарламаларына айналдыруға болады? Мұндай ауқымды бағдарламалар туралы деректер әзірге аз, өйткені оларды әзірлеу мен сынау көп шығын мен уақытты талап етеді.

– Неге тіпті білімді адамдар да фейктерге жиі сенеді?

–  Білім деңгейі шешуші рөл ойнамайды. Ең маңыздысы – егер дезинформация адамның қалыптасқан сенімімен сәйкес келсе, оған сендіру әлдеқайда оңайырақ. Ол адамның көзқарасын бірден өзгертпейді, ол бұрыннан бар сенімдерді күшейтіп, оларды радикалды ете түсе алады. Нәтижесінде қоғамдағы топтар бір-бірінен алшақтай береді. Бұл механизм білім деңгейіне бағынбайды, ол жоғары білімді жандарға да әсер етеді. Білімнің өзі бұдан қорғай алмайды.

Дезинформацияны танудың практикалық әдістері

– Дезинформацияны тануды қалыптастыруға қандай оқыту әдістері көмектеседі?

– Батыста біз медиасауаттылықты «жақсы» және «жаман» дереккөздерді ажырату деп түсінеміз. Бірақ бұл тәсіл барлық елде жұмыс істей бермейді. Ең дұрыс жол – «ашық ойлау түрі» (open-mindedness). Бұл – өзің келіспейтін көзқарастарды да қарастыруға дайын болу. Қарсы тараптың ең салмақты уәжін түсінуге тырысу маңызды. Осындай аргументтерді қарастыру және тек өз көзқарасыңды растайтын ақпаратты ғана іздеуге деген ұмтылысты жеңе білу– адамның шынайы ақпаратты ажырату қабілетін арттырады. Ал еркін медиасы жоқ ортада ең тиімді стратегия – барлық ақпаратқа жалпы сыни көзқараспен қарау болуы мүмкін.

–  Мұндай дағдыларды мектеп жүйесіне, әсіресе балаларға енгізу қаншалықты мүмкін?

– Көп нәрсе жасқа байланысты. 10 жастағы балаға жалпы тілдің қалай жұмыс істейтінін түсіндіруден бастауға болады. Мысалы, бейтарап тұжырым бар делік: «Үкімет салық туралы жаңа заң қабылдады». Бірақ оны басқаша айтуға болады: «Керемет үкімет салық туралы тамаша заң қабылдады» немесе керісінше, «Сұмдық үкімет салық туралы жаман заң қабылдады». Бұл – бір ақпараттың үш түрлі берілуі, бірақ оның әрқайсысын адам әр түрлі қабылдайды. Осы мысалдан-ақ эмоциялар мен сөз арқылы фактілерді түсіндіруді қалай өзгертетуге болатынын байқауға болады. Осындай нәрселерді тіпті он жастағы балаға да үйрете аласыз. Бұл жастағы көптеген балалар мұның не туралы екенін түсіне алады. Сондықтан балаларға жалған ақпаратты тануды үйретуде ақпараттың қалай тұжырымдалатыны, сөздер мен бейнелердің қалай қолданылатыны және материалды ұсыну кезінде қандай шешімдер қабылданылатыны туралы түсіндіруден бастауға болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Оқу үшін