ҰБТ-дағы фейк «көмекшілер»: Ұлттық тест орталығы ескерту жариялады

Фото: Gov.kz
Ұлттық тестілеу орталығы әлеуметтік желілерде таралып жатқан алаяқтық хабарландырулардан сақ болуға шақырды.
Қазір желіде «ҰБТ-дан өткізіп береміз», «грантқа түсіреміз» немесе «тест жауаптарын сатамыз» деген мазмұндағы хабарламалар көбейген.
«Мұндай ұсыныстардың бәрі — алаяқтық. Азаматтарды күмәнді ақпаратқа сенбеуге және алаяқтардың құрбаны болмауға шақырамыз», – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.
Орталық мәліметінше, әр тест тапсырушыға жеке нұсқа жасалады. Сондықтан интернетте тарап жүрген «сливтер» мен «дайын жауаптар» нақты ҰБТ сұрақтарына сәйкес келмейді. Сондай-ақ ҰТО заңсыз тест материалдарын тарататын арналар анықталған жағдайда уәкілетті органдармен бірлесіп шара қолданылатынын мәлімдеді.
Ведомство тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының зияткерлік меншігі екенін еске салды. Оларды заңсыз тарату немесе жариялау Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.


