Алматыда мемсатып алу саласындағы жалған мәліметтер схемасы әшкереленді

Иллюстрация: Business.io
Алматы қаласында мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтық схемаға қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, күдіктілер құрылыс саласында жалған жұмыс тәжірибесін жасап, оны мемлекеттік тендерлерге қатысу үшін пайдаланған. Тергеу барысында «КазСтройОпыт LTD» ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсету сылтауымен коммерциялық ұйымдарға құрылыс жұмыстары бойынша жасанды тәжірибе қалыптастыру схемасын ұйымдастырғаны анықталған.
«Күдіктілер “Электрондық депозитарий” жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіп отырған. Бұл компанияларға мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде заңсыз артықшылық берген», – деп хабарлады агенттік баспасөз қызметі.
ҚМА дерегінше, схема әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы ашық жарнамаланған. Қылмыстық топ құрамында 11 адам болған. Сонымен қатар тергеу барысында Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы қызметкерлеріне жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар да анықталған.
Тергеушілердің мәліметінше, қылмыстық кірістерді жасыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылып, солар арқылы ақша қолма-қол ақшаға айналдырылған. Жалпы қылмыстық табыс көлемі 490 миллион теңгеден асқан.
Іс материалдарына сәйкес, жалған тәжірибе алып, мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталған. Бұл компанияларға қатысты материалдар тексеру жүргізу үшін уәкілетті органдарға жолданды.Қазір үш күдікті қамауға алынған. Тағы сегіз адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.Қылмыстық іс сотқа жіберілді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.


