NoFake

«Мектеп оқушыларына тегін тамақ»: СҚО-да алаяқтар жаңа схеманы қолдана бастаған

Фото: CҚО ПД баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтар мектеп оқушыларына арналған тегін тамақ бағдарламасын сылтау етіп, тұрғындардың ақшасын иемдене бастаған, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Алаяқтар көбіне мемлекеттік орган қызметкері ретінде хабарласып, түрлі әлеуметтік бағдарламаларды желеу етеді. Азаматтарға SMS арқылы келген кодты ешкімге айтпау қажет. Мұндай кодтар банк қосымшаларына, жеке кабинетке немесе қаржылық операцияларға қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін», — деп ескертті полиция өкілдері.

Тергеу мәліметінше, қаскөйлер өзін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстырып, тұрғынға келесі оқу жылына арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша мектеп оқушыларына тегін тамақ рәсімдеуді ұсынған. Ол үшін SMS арқылы келген төрт таңбалы кодты айту қажет екенін жеткізген.

«Кейін әйел алаяқтардың нұсқауына еріп, депозиттегі жинақ ақшасынан айырылған. Бұдан бөлек, олардың қысымымен несие рәсімдеп берген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллион 850 мың теңгеден асқан. «Antifraud» жүйесінің көмегімен 600 мың теңге көлеміндегі бір аударым уақытында бұғатталып, жәбірленушіге қайтарылды. Қалған қаражатты қылмысқа қатысы бар тұлғалардан сот шешімі арқылы өндіру мәселесі қарастырылып жатыр»,-делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары жәбірленушінің ақшасын шетелге шығаруға қатысы болуы мүмкін үш «дропперді» анықтаған. Оларға интернет-алаяқтыққа сыбайлас болғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Оқу үшін