NoFake

«Пранк» үшін заңда қандай жауапкершілік қарастырылған

Коллаж: NoFake.kz

Жақында шаурма жарнамалау үшін полицияны алдаған астаналық блогер 15 тәулікке қамалды. Әзіл қай кезде қылмысқа айналады? NoFake.kz анықтады.

Заңгер Назар Абинов пранк үшін заңда қандай жауапкершілік қарастырылғанын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Заңда «пранк» деген ұғым бар ма?

Маманның айтуынша, отандық заңнамада әзілқойларды жауапкершіліктен құтқаратын ешқандай арнайы терминдер қарастырылмаған.

«Тұрмыста айтылып жүрген «пранк» өздігінен Қазақстан Республикасының заңнамасында дербес құқықтық ұғым немесе бөлек құқық бұзушылық құрамы болып табылмайды. Құқықтық тұрғыдан алғанда, әрекеттің қалай аталатыны емес («пранк», «әлеуметтік тәжірибе», «әзіл»), оның нақты сипаты, салдары, кінәнің формасы және келтірілген зиян маңызды», —  дейді заңгер.

Сондықтан, егер «әзіл» ретінде жасалған әрекет өзгелердің мазасын алса, ол бірден заң бұзушылық болып саналады.

«Егер қоғамдық тәртіпті бұзатын, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын, мүліктік, моральдық немесе физикалық зиян келтіретін, қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттер «әзіл» ретінде жасалса, онда мұндай әрекеттер әкімшілік, азаматтық-құқықтық, ал кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін», — дейді маман.

Жауапкершілік түрлері: Айыппұлдан темір торға дейін

Қазақстанда пранк авторлары заң бұзған жағдайда құқықтық жауапкершіліктің үш түріне тартылуы мүмкін:

Әкімшілік жауапкершілік

Астаналық блогердің жағдайында оның әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағаланды. Әдетте пранкерлер ұсақ бұзақылық, балағат сөздер айту, азаматтарға тиісу немесе арнайы қызметтерді (жедел жәрдем, полиция) өтірік шақыру баптары бойынша жазаланады.

 «Егер «пранк» агрессивті мінез-құлықпен, шабуыл жасауды сахналаумен, арандатушылықпен, дүрбелең тудырумен немесе ұйымдар мен қызметтердің жұмысына кедергі келтірумен ұласса, бұл әрекеттер ұсақ бұзақылық деп танылып, айыппұл салуға немесе әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады», -дейді Назар Абинов.

 Қылмыстық жауапкершілік

Егер пранктің салдары ауыр болса (мысалы, жәбірленуші қорқыныштан жүрек талмасына ұшыраса, психикалық зақым алса немесе жалған лаңкестік тудырылса), блогерлер Қылмыстық кодекс бойынша сотталады. Бұзақылық, жеке өмірге қол сұғу, денсаулыққа зиян келтіру немесе терроризм туралы жалған хабарлама беру сияқты баптар бойынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 «Әрекеттің «әзілдік сипатына» сілтеме жасау қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Мұндай жағдайда кінәлі адамның өзін қалай ақтағаны емес, объективті салдары мен қылмыстық салғырттығы немесе ойы есепке алынады», — дейді заңгер.

Азаматтық-құқықтық жауапкершілік

Пранк құрбаны болған кез келген адам өз бетінше сотқа шағым түсіре алады. Олар моральдық және материалдық шығынды өтеуді, видеоны желіден өшіруді талап етуге құқылы.

 Жазаны ауырлататын жағдайлар

Заңгердің айтуынша, егер блогерлер өз пранктерін төмендегідей жағдайларда ұйымдастырса, заң алдындағы жаза ауырлай түспек:

  • Әрекет бір топ адаммен алдын ала келісіп жасалса;
  • Балаларға, қарттарға немесе дәнекерсіз күйдегі адамдарға қарсы бағытталса;
  • Интернет пен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып таратылса;
  • Қаруды, зорлық-зомбылықты немесе адам ұрлауды сахналаса;
  • пайдакүнемдік пиғылмен (жарнама, қаралым, табыс табу үшін) жасалса.

Яғни әлеуметтік желідегі танымалдылық немесе миллиондаған қаралым ешкімге заңнан аттап өтуге артықшылық бермейді.

 «Сот практикасы көрсеткендей, контенттің танымалдылығы, қаралым саны немесе блогердің тапқан коммерциялық пайдасы оны жауапкершіліктен құтқаратын негіз бола алмайды», — деп атап өтті ол.

Сондықтан, заң алдында жауап берер кезде автордың «әзілдегісі келгені» емес, оның әрекетінен келген нақты зардап, қоғамдық қауіп дәрежесі мен келтірілген шығын маңызды рөл ойнайтынын естен шығармаған абзал.

Оқу үшін