«Сарбаздарды әдейі өлтірді»: Каспийдегі қайғылы оқиға туралы дәлелсіз болжамдарды кімдер таратты

Фото: gov.kz
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуынан кейін әлеуметтік желіде оқиғаның себептеріне қатысты түрлі болжам көбейді. Кейбір қолданушылар ресми тергеудің қорытындысын күтпей, сарбаздардың өліміне қатысты өз нұсқаларын факт ретінде немесе соған жақын формада таратып жатыр.

Солардың бірі — Threads желісіндегі @mukimova0 аккаунты. Қолданушы жазбаларының бірінде сарбаздардан бұған дейін ақша талап етілгені, олардың сотқа жүгінгені, ал мәселе «жоғарыға жетпеуі үшін» оларды Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әдейі өлтірген болуы мүмкін деген болжам айтады. Бұған дәлел болатын құжат, ресми мәлімет немесе дереккөз көрсетілмеген.

Аккаунттағы басқа жазбаларда да оқиғаға қатысты күмән келтіріліп, «19 сарбаз болған», «тағы екі сарбаз қайда кетті?» деген сауалдар қойылған. Сондай-ақ құтқарушылардың әрекетіне күмән келтіріп, болған жағдайдың қасақана ұйымдастырылғаны туралы нұсқалар айтылады.
Алайда ресми дерек басқа. Қорғаныс министрлігінің 25 қыркүйектегі мәліметінше, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапқан. Бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің денесі 25 қыркүйекте табылып, іздестіру операциясы аяқталған.
Аккаунт туралы не белгілі?
Парақшаны тексергенде тағы бір жайтқа назар аудардық. @mukimova0 аккаунты 2025 жылдың қаңтарында ашылған және содан бері қолданушы аты жеті рет өзгертілген.

Қазір парақшада жарияланған жазбалардың басым бөлігі Каспийдегі сарбаздардың қазасына және оқиға төңірегіндегі түрлі болжамдарға арналған. Бұл деректер аккаунттың артында нақты кім тұрғанын немесе оның қандай мақсатпен жазба жариялап отырғанын өздігінен дәлелдемейді. Бірақ ақпаратты бағалағанда парақшаның тарихына, авторы туралы ашық мәліметтің бар-жоғына және айтылған тұжырымдардың қандай дереккөзге сүйенгеніне назар аударған жөн.
Сондықтан әлеуметтік желіде айтылып жатқан «сарбаздарды әдейі өлтірді», «олардан ақша талап еткен», «19 адам суға түсті» деген нұсқаларды әзірге расталған ақпарат ретінде қабылдауға негіз жоқ. Бұл — әлеуметтік желі қолданушыларының дәлел келтірмеген болжамдары.
Қайғылы оқиға қоғамда үлкен эмоция тудырған кезде осындай нұсқалар тез таралады. Қазір оқиғаның мән-жайына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бас прокуратура мәліметі бойынша, бес әскери лауазымды тұлға күдікті ретінде ұсталған, ал тергеу ерекше бақылауға алынған. Сонымен қатар Үкіметтік комиссия оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Еске саламыз, ҚР ҚК 274-бабында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Мұндай ақпарат онлайн-платформаларды пайдалана отырып таратылған жағдайда, жаза үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздеуі мүмкін.


