Әл-ауқат калькуляторы: нәтиже жәрдемақыға әсер ете ме?

Фото: Egov.kz
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov Mobile қосымшасындағы «Әл-ауқатты бағалау калькуляторы» туралы түсініктеме берді. Министрлік калькулятордың нәтижесі жәрдемақы туралы ресми шешім емес екенін ерекше атап өтті.
Әлеуметтік желідегі калькуляторларға сенбеңіз
Министрлік әлеуметтік желілерде тараған әл-ауқат калькуляторларын пайдаланбауға кеңес береді. Олар ресми сервистер қатарына жатпайды, ондағы ақпарат шынайы болмауы мүмкін. Дұрыс нәтиже алу үшін тек eGov Mobile қосымшасындағы ресми «Әл-ауқат калькуляторын» пайдалану керек.
Калькулятор — шешім емес, алдын ала есеп
Алдын ала есептеу мен жәрдемақы тағайындау туралы ресми шешімнің аражігін ажырата білу маңызды. Калькулятор тек ақпараттық-анықтамалық сипатқа ие. Онда көрсетілген нәтиже
жәрдемақы тағайындала ма, оның мөлшері өзгере ме, төлем тоқтатыла ма деген сұрақтарға жауап бермейді.
Келісу, баға беру, пікір қалдыру төлемге әсер етпейді
Есептеу аяқталғаннан кейін адам нәтижемен танысып, оған келісетінін не келіспейтінін білдіре алады. Сондай-ақ сервиске бес балдық шкала бойынша баға беріп, еркін түрде пікір қалдыруға болады. Министрлік бұл мүмкіндік азаматтардың пікірін ескеріп, сервис сапасын арттыру үшін қарастырылғанын айтады.
Бұл әрекеттердің ешқайсысы жәрдемақыны тағайындауға, оның мөлшеріне немесе төлемнің жалғасуына әсер етпейді. Калькуляторды пайдалану жәрдемақыдан бас тарту туралы өтініш болып саналмайды. Ол төлемді тоқтатуға немесе уақытша тоқтата тұруға негіз бола алмайды.
Калькулятор не үшін керек?
Сервис тек жәрдемақы алушыларға қолжетімді. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді, оны бірнеше рет пайдалануға болады. Калькулятор арқылы отбасының әл-ауқатын алдын ала бағалауға, бастапқы мәліметтерді тексеруге және қажет болса есептеуді қайта жүргізуге болады.
Жыныс пен жас, атқа тіркелген көлік, техника, жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және кәсіпкерлік туралы дерек мемлекеттік базалардан автоматты түрде жүктеледі. Отбасы мүшелері, олардың жұмысы, мүгедектігі немесе созылмалы аурулары, несиелері мен мүлкі және отбасының орташа айлық табысы туралы мәліметті азамат өзі енгізеді. Нәтиже осы мәліметтің толықтығы мен дұрыстығына тікелей байланысты.
Калькулятордағы түзету тек алдын ала есептеуге әсер етеді, ресми дерекқорды өзгертпейді. Ресми мәліметті түзету үшін eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы уәкілетті органға жүгіну керек. Не болмаса тұрғылықты жер бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне баруға болады.
Министрлік әлеуметтік қолдау шараларын тағайындаудың заңда белгіленген тәртібі өзгеріссіз қалатынын атап өтті.


