NoFake

Қазақстанда интернет-алаяқтық азайғаны рас па

Қазақстанда интернет-алаяқтық азайғаны рас па

Фото: Depositphotos

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда интернет-алаяқтық өткен жылмен салыстырғанда азайған. Бас прокуратураның мәліметінше, 2026 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша елімізде 17 517 интернет-алаяқтық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 206 дерекке аз, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бас прокуратураның қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы статистикасына сәйкес, 2026 жылғы қазанда Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 31 892 құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 17 517-сі интернет-алаяқтыққа қатысты. Былтыр, 2025 жылғы қазанда алаяқтық деректерінің жалпы саны 41 391 болған. Оның 23 723-і интернет арқылы жасалған.

Инфографика: NoFake.kz

Бір жылда тіркелген алаяқтық шамамен 23 пайызға, ал интернет-алаяқтық 26,2 пайызға азайған. Сонымен қатар,  Бас прокуратура ұсынған 2026 жылғы он айдың қорытындысы бойынша, жалпы алаяқтық қылмыстың шамамен 55 пайызы интернет-алаяқтық.

Интернет-алаяқтық – ақпараттық жүйе арқылы жасалатын алаяқтық. Ол мессенджерде, әлеуметтік желіде, банк қосымшасында, сайтта немесе электрондық поштада жүзеге асады. Жәбірленуші қылмыскерді көрмейді. Ал алаяқ жалған нөмір қолданады немесе IP мекенжайын үнемі ауыстырып отырады. Сондықтан мұндай қылмысты ашу қиын.

Қазақстанда кең тараған 5 алаяқтық схемасы:

1. Банк, полиция немесе Ұлттық банк атынан қоңырау шалу. Алаяқ ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды немесе SMS-кодты айтуды сұрайды. Бұл код оған жәбірленушінің шотын басқаруға мүмкіндік береді.

2. Адамның атына онлайн-кредит рәсімдеу.

3. Аккаунтты бұзу. Алаяқтар бұзылған аккаунт арқылы туыстары мен таныстарына хабарласып, ақша сұрайды.

4. Жалған инвестициялық платформалар. Олар жоғары табысқа кенелуге уәде береді.

5. Интернет-сауда. Алаяқ алдын ала төлем алады, бірақ тауарды жібермейді.

Оқу үшін