NoFake

«Әскер үрейге толы жер болмауы керек»: Президент Қарулы Күштерді реформалау бойынша міндеттер қойды

Фото: Aqorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерді реформалау бойынша бірқатар міндет қойды. Мемлекет басшысы әскерді басқару жүйесін қайта құрып, цифрлық трансформация жүргізу және кадр саясатын өзгерту қажет екенін айтты.

Президенттің сөзінше, реформаның түпкі мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау.

– Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қорғанысқа бөлінген қаржы қатаң бақылауда болады

Президент бірінші кезекте бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, қорғаныс саласына бөлінген әр теңге мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға қызмет етуі керек.

– Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, барынша нәтиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды, – деді Президент.

Әскерді реформалау жоспарына – он күн

Екінші міндет – қазіргі қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты мен Қорғаныс министрлігі он күн ішінде арнайы жоспар әзірлеуге тиіс.

Тоқаев жоспардың нақты, түсінікті және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын құжат болуы керегін айтты. Оны көлемді тұжырымдамаға немесе жол картасына айналдырмауды тапсырды. Жоспар қазанның екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.

Сонымен бірге әскери қызметке мамандарды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлері енгізілмек.

– Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

«Әскер қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек»

Үшінші бағыт – армиядағы идеологиялық және тәрбие жұмысын күшейту. Президент әр әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруы керек екенін атап өтті.

– Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек. Әскер – жас сарбаздарды, еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын тәрбиелеудің бұрынғы және қазіргі озық үлгілері ұштасқан кәсіби деңгейі жоғары институт болуға тиіс, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы БАҚ әскери қызмет пен әскери қызметшілер туралы объективті ақпарат таратуы қажет екенін де айтты.

Адамды технологиямен алмастыру тапсырылды

Президент армияда цифрлық трансформация жүргізіп, мүмкіндік болған жерде адам еңбегін технологиямен алмастыруды тапсырды.

– Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес, – деді Президент.

Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына Қарулы Күштерді реформалау үдерісін үйлестіру тапсырылды. Президент қорғаныс ведомствосының жұмысын түбегейлі трансформациялау қажет екенін атап өтті.

Оқу үшін