Непалдағы тасқында пілдің екі баланы құтқарып қалғаны рас па

Фото: X/Altered by The Quint
Әлеуметтік желілерде Непалдағы су тасқыны кезінде пілдің екі баланы құтқарып қалғаны көрсетілген видео тарады. Кадрларда жануар қатты ағыс пен қоқыстың арасынан өтіп, балаларды қауіпсіз жерге жеткізеді. Алайда фактчекерлер бұл видеоның шынайы емес екенін анықтады.
Не тарады?
Непалда 2026 жылғы 26 тамызда болған жойқын су тасқынынан кейін әлеуметтік желілерде апат орнынан түсірілді делінген көптеген видео пайда болды. Солардың бірінде піл тасқын судың ортасында қалған екі баланы құтқарып, адамдар тұрған қауіпсіз жерге алып келеді.
Видео әлеуметтік желілерде Непалдағы нақты құтқару сәті ретінде тараған. Алайда кадрларды мұқият қарағанда жасанды интеллект арқылы жасалған контентке тән бірнеше белгі байқалады.
Видеодан қандай қателер табылды?
Newschecker фактчекерлері роликті кадр бойынша зерттеген. Балалардың бірі пілдің тұмсығынан ұстап тұрған кезде оның қолы жануардың терісімен бірігіп кеткендей көрінеді. Кейбір кадрларда баланың саусақтары жоғалып кетеді.

Видеоның соңғы бөлігінде де сәйкессіздіктер бар: артқы жақта қоңыр күртеше киген ер адамның бір сәтте үшінші қолы пайда болады. Ал кадрдағы әйелдің саусақтары дұрыс бейнеленбей, жанындағы адамның бетіне жақын жерде бөлек тұрғандай көрінеді.

The Quint басылымының WebQoof фактчек жобасы да видеоны тексеріп, тағы бір ерекшелікке назар аударған. Кадрдағы бірнеше адамның киімі бір-біріне тым ұқсас, ал кей адамдардың қолдары табиғи емес пішінде бейнеленген.
AI-детектор не көрсетті?
Фактчекерлер видеоны Hive Moderation сервисі арқылы да тексерген. The Quint мәліметінше, сервис роликтің жасанды интеллект арқылы жасалған болуы ықтималдығын 95,9% деп бағалаған.

Newschecker сарапшылары да Hive Moderation көмегімен тексергенде видеодан AI немесе дипфейк контентінің белгілері анықталғанын жазады. Бұдан бөлек, Deepfakes Analysis Unit мамандары кадрлардағы жоғалған саусақтар, адамның үшінші қолының пайда болуы және басқа да визуалды ақауларға назар аударған.

Түйін
Непалдағы тасқын кезінде піл екі баланы құтқарды деген видео шынайы емес. Бірнеше тәуелсіз фактчек нәтижесінде роликтен жасанды интеллект арқылы жасалған контентке тән визуалды қателер анықталған. AI-детектор да оның жасанды болуы ықтималдығын жоғары бағалаған.
Непалдағы табиғи апаттан кейін әлеуметтік желілерде нақты оқиғаға қатысы жоқ және AI көмегімен жасалған басқа да видеолар тараған. Сондықтан төтенше жағдайлар кезінде жарияланған әсерлі кадрлардың бастапқы дереккөзін тексеру маңызды.


