Аида Балаева Almaty Superski жобасының туризм үшін маңызын түсіндірді

Фото: Gov.kz
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Almaty Superski жобасының Қазақстандағы тау туризмін дамытудағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда туризм экономикаға әсер ететін стратегиялық маңызды салалардың біріне айналған. Бұл бағыт жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнестің дамуына, инвестиция тартуға және елдің халықаралық имиджіне ықпал етеді.
Министр 2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион адам келгенін айтты. Ал ішкі туристер саны 10,5 миллион адамды құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 900 мың адамға көп.
Сондай-ақ соңғы жылдары табиғи, экологиялық және тау туризміне қызығушылық артқан. Мәселен, 2024 жылы ұлттық парктерге 2,8 миллион адам барған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайызға жоғары көрсеткіш.
«Бұрын мұндай демалысты көбіне тау шаңғысын жақсы көретін туристер таңдаса, қазір табиғи аймақтарға демалыс күндері серуендеу, белсенді демалыс өткізу үшін баратын адамдар көбейді», – деді Аида Балаева.
Министрдің сөзінше, Almaty Superski жобасы қауіпсіздік, экология және инфрақұрылым сапасына қойылатын талаптарды ескере отырып жүзеге асырылуы керек. Министр бұл жобаның таудағы туризмді жауапты дамытудың үлгісіне айналуы маңызды екенін атап өтті.


